Халық артисі Айман Мұсақожаеваның қатысуымен Лондондағы әйгілі Гилдхолл салтанат сарайында классикалық музыка кеші өтті. Әлемге танымал шығармалар Қазақ ұлттық өнер университетінің еуразиялық симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен орындалды. Концерт Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналды. Кеште батыс шеберлерінің шығармаларымен қатар, қазақстандық жас композиторлардың туындылары да орындалды. Бұл күні Рахат-Би Әбдісағин шығармаларының тұсаукесері өтті.

 

Рахат-Би ӘБДІСАҒИН, КОМПОЗИТОР:

Мен өз шығармамның осындай тарихи ғимаратта, акустикасы ерекше залда орындалғанына өте қуаныштымын. Мен бұл туындымда барлық нәрсенің бастауы музыка екендігін жеткізгім келді. Бұл өте асқақ және абстракт туынды және ол жаңашыл стильде жазылған.

 

Еуропа елдеріне гастрольдік сапар барысында шетелдік тыңдаушылар қобыз және сазсырнайдың ерекше үніне таңданыс білдірген екен.

 

Әлқуат ҚАЗАҚБАЕВ, «ҚОРҚЫТ АТА» АНСАМБЛІНІҢ КӨРКЕМДІК ЖЕТЕКШІСІ:

Біздің ұлттық аспаптардың дыбысы симфониялық оркестрдегі барлық аспаптармен, бір-бірімен сіңісіп, жылы әуен шығарды және шетелдік кәсіби музыка мамандарын таң қалдырды.

 

Стив БРАУН, КӨРЕРМЕН:

Мен қазақ елінде қонақта болғанда өзіммен бірге домбыра әкелдім. Енді мен бұл керемет аспапта ойнауды үйреніп жүрмін. Мен сіздердің музыкалық аспаптарыңызды ирландиялық аспаптарға ұқсатамын. Бұл - мен үшін өте ғажап дүние.

 

Бұл күні сахнада сондай-ақ, «Шабыт» домбырашылар ансамблі және «Айгөлек» скрипкашылар ұжымы өнер көрсетті. Айта кету керек, бұл сапар Қазақ ұлттық өнер университетінің әлем сахналарына шығып жүрген студенттері үшін бітімі бөлек концерттік тәжірибе болды. Ал жұртшылық асыға күткен Айман Мұсақожаева орындаған әр шығармадан кейін көрермендердің зор қошеметіне бөленіп отырды. Концерттен соң да жылы лебіздер толастамады.

 

Айман МҰСАҚОЖАЕВА, ҚР ХАЛЫҚ АРТИСІ:

Біз бүгін аға буын өкілдерінен жас буын өкілдеріне мұра болып келе жатқан бай дәстүрлеріміз бен мәдениетіміздің бар екендігін және оны болашақ ұрпаққа жеткізетін талантты жастардан кенде емес екендігімізді паш ете білдік. Бұл жақтағы көрермендер өте қырағы. Олар музыканың әрбір сәтін өте ерекше қабылдайды және бағалайды. Және әрине өнерімізге орындарынан тұрып, қол соғады.

 

Айман Мұсақожаева лондондық көрерменге ұстамдылық тән екенін атап өтті. Дей тұрғанымен, бұл ағылшындардың сезімге толы шынайы ықыластарын сезуге кедергі болмады, дейді әйгілі скрипкашы. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер