Ақын, Ақтөбе облыстық Сағи Жиенбаев атындағы жасөспірімдер кітапханасының директоры Гүлжайнар Қалдина «Гарри Поттерді» қазақ тіліне аударып жатыр. 8 томдық қиыл-ғажайып шығармалар жинағының алғашқы томы таяуда қазақ тілінде сөйлейді. Алда әлі көп жұмыс бар. Кітап авторы Джоан Роулингпен байланыс орнатып, баспаханалардың талабымен танысу қажет. Аударма ісін қолға алған Г.Қалдина кітапты аударуға түрткі болған кішкентай оқырман қазақ тіліндегі нұсқасын алғаш боп оқиды деген шешімге келген. Себебі, ол мұны асыға күтіп жүр, деп хабарлайды Baq.kz.

 

Ұзақ жылдар бойы журналистика саласында еңбек еткен Гүлжайнар Қалдина үлкен істің ұйытқысы болып отыр. Бәріне кітапхана ішіндегі кішкентай оқырманның сұрағы түрткі болған.

 

«Алғаш рет екі баланың кітапханашымен әңгімесін естідім. Кішкентай оқырман «Апай, бізге «Гарри Поттерді» беріңізші!» деп сұрады. Кітапханашы үш томды қолына ұстап, қайсысын алатынын сұрады. Сол кезде жанындағы бала: «Апай, бізге осының қазақшасын беріңізші» деді. Кітапханашы орысшаға аударылғанымен қазақша нұсқасы мүлде жоқ екенін айтты. «Қазақшасы әлі шыққан жоқ, мүмкін болашақта шығар, қазақ тілінде жаңа кітабы келсе, сендерге міндетті түрде хабарласамыз» деп ақталғандай болды. Балалар да сұрақ қоюға жүйрік екен. Бірден «Неге шықпаған? Гарриді қазақ тілінде оқуға болмай ма не?» деп қысқа қайырды. Кейін екеуі де кері бұрылды да кітапханадан шығып жүре берді. Кітапханашы өзін кінәлі сезініп қалған сияқты. Ал бұл жайды сырттай бақылап тұрған мен де қиналдым. Кітапханашыға барып «Гарри Поттерді» маған беріңіз деп сұрағанда тағы да қазақшасы жоқ екенін айтып, түсіндірмек болды. Сол кезде «маған орыс тіліндегісін беріңіз, мен қазақ тіліне аударамын» деп едім, кітапханашы балаша қуанып, маған төрт томын қатар ұсынды. Міне, осылай мен іске кірісіп кеттім. Бірақ, әзірге қай баспамен келісімге келетінім жөнінде ойланғаным жоқ»,- дейді Гүлжайнар Қалдина.

 

Үнемі жаңа істің басында жүретін ол күн сайын түн ұйқысын төрт бөліп, кітап аударады. Кейде бір-екі бетпен шектелсе, кейде өнімді жұмыс істейді. Нәтиже оңды. Қиыл-ғажайыпқа толы шығарманы аудару жұмысын өткен жылы бастап, биыл алғашқы томын қазақ тілінде сөйлетті.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер