Нью-Йоркте өткен музыкалық байқауды алғаш рет қазақстандық әнші  жеңіп отыр. Жеңіс жерлесіміз Мерей Зейнешке бұйырды. Байқауға Австралияның, Канаданың,  Францияның және Жапонияның дарынды әншілері қатысқан. Хрусталь микрофонының иегері болған Мерей алдағы уақытта басқа да халықаралық байқауларда бағын сынауға дайын.

 

Мерей ЗЕЙНЕШ, НЬЮ-ЙОРКТЕГІ ФЕСТИВАЛЬДІҢ БАС ЖҮЛДЕГЕРІ:

Фестиваль еліміздің айтулы күнінің қарсанында болғандықтан мен жеңісімді Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арнадым. Концерт залында біздің байрағымыз желбіреп тұрды. Көрермендер еліміз туралы көбірек біліп, енді Қазақстанды одан әрі құрметтей түседі.

 

25 жастағы жас әнші Астанадан АҚШ-қа арнайы келіп, Нью-Йорк қаласын өнерімен тәнті етті. АҚШ-та 17 жылдан бері тұратын Берік Кұлмамыров Мерейге ұстаздық етті. Ол - Қазақстан суретшілерінің көрмесін Бродвейде ұйымдастырған адам. Америкалық әншілердің орындауында қазақ әндерінің таспасын шығарып, әншілеріміздің Нью-Йорк фестиваліне қатысуына жол ашқан.

 

БЕРІК КҰЛМАМЫРОВ, ПРОДЮСЕР:

Мерей Зейнешті америкалықтар "Рей Зейнеш" деп атап кетті. Оларға Мерейді ағылшын тілінде осылай атаған ыңғайлы. «Неге таңдау Мерейге түсті?» десеңіздер, ол - қазақстандық әншілердің ішінде ағылшын тілінде акцентсіз айтатын бірегей әнші. Продюсерлер You Tube арқылы қараған кезде музыкаға зер салып, әннің сөздері түсінікті болғанын қалайды.

 

Үлкен сахнада ән айтумен қатар, Мерей еркін күреспен де шұғылданып, чемпион атағын алған. Дарынды жігіт Қазақстанда білім алып, Америкада шындаған өнерін биік шыңнан көрсете білді. Бүгінгі жетістікті екі ел арасындағы 25 жылдық тарихы бар байланыстардың жемісі деп білуге болады. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер