Елордада еліміздегі тұңғыш мамандандырылған «Astana Musical» театрының тұсауы кесілді. Шымылдығын ашқан өнер ұжымы көрермен назарына «Достар серті» қойылымын  ұсынды. Буы басылмаған жаңа туынды тарихта ең алғашқы қазақстандық мюзикл ретінде қалады. Қойылым айырылмас төрт достың оқиғасын баяндайды. Өткен ғасырдың 70-жылдары әр қиырдан арман қуып, бір қалада жолдары тоғысқан студенттер адал дос боламыз деп қол алысады. Осылайша өмірдің ыстығы мен суығына бірге төзген жан жолдастар байлаған сертті нақты іспен дәлелдеп отырады.

 

Спектакльде сахна төріне енді шыққан жас актерлар өнер көрсетті. Олардың бәрі де іріктеуден өткен, яғни вокал, би және актерлік шеберлікті жетік меңгерген кәсіби мамандар. Әуезді де әуенді мюзиклде жеке орындаушылар мемлекеттік камералық оркестрдің сүйемелдеуімен жанды дауыста ән шырқады.

 

Саламат МҰҚАШЕВ, АКТЕР:

Ән өнері мен би яғни, хореографияны қатар алып жүру керек. Оңай емес, басқа өнерлерге қарағанда кішігірім өзгешеліктері бар екен. Кішігірім қателіктеріміз болса, оны болашақта түзейміз деген сенімдеміз. ЭКСПО-ға Америка, ағылшын елдерінен жақсы режиссерлер келеді деген тұжырым, ойларымыз бар. Құдай қаласа алда тағы да басқа туындылармен қуантып жатамыз.

 

Қойылымға қазақ музыкасының «алтын қорына» енген Шәмші Қалдаяқов, Ескендір Хасанғалиев, «Дос-Мұқасан» тобының әндері арқау болды. Әлемдік музыканың жауһарлары Моцарт, Франкель, Битлз репертуарының шығармалары да орындалады. Сондай-ақ, жаңа бағытта жазылған композициялар да бар.

 

Есләм НҰРТАЗИН, ҚОЮШЫ-РЕЖИССЕР:

Бұл спектакль 100 пайыз Made-in – Қазақстан. Барлық шығармашылық труппаның либреттосын жазған авторлары, аранжировкасы, барлық композиторлары мен музыканттары біздің өзіміздің қазақстандық өнер майталмандары. Сахнаның үстіне шығатын әртістердің саны 40 асады. Бізде тағы музыканттар бар, олардың өзінің саны 45. Тағы сахнадан тыс жұмыс жасайтын  50-60 адам бар. Сондықтан бұл спектаклде 150-200 адам жұмыс жасайды.

 

«Astana Musical» театрының құрылуы ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр. Мұны Қазақстанның мәдени өмірінде жаңа бір белес болып жазылған, сахна төрінде жаңа есімдердің жұлдызы жанған сәт деп бағалауға болады. Отандық мәдениеттің жаңа бағыты әу бастан-ақ көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп үлгерген сыңайлы. Жиналған қауымның ортақ ойы жас өнерпаздардың аяқ алысы жақсы деген ойға саяды.   

 

Айта кетерлігі, Тәуелсіздіктің мерейлі тойына орай жоғары буын жұлдыздары мен жас әншілердің қатысуымен аталған өнер ордасы үлкен концерт беруді жоспарлап отыр. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер