Егеменді мемлекетіміздің тәуелсіздік оты маздап жанғанына биыл 25 жыл. Қазақстанның ядролық сынақтардан бас тартқанына да ширек ғасыр толып отыр. Осыған орайластырылып елордада  алғаш рет швециялық суретші Туве Крабоның адамзат тарихындағы зұлмат қаруды қолданудың салдары бейнеленген суреттері көрсетілді. «Түзелмейтін қателік: алғашқы жарылыс» атты көрмеде әлемнің түкпір-түкпірінде өткен сынақтардан адам баласы шеккен қасірет, қоршаған ортаға тиген зардабын айқын көруге болады. Шетелдік суретшінің айтуынша, ол жеке көрмесін өткізу үшін  Қазақстанды кездейсоқ таңдаған жоқ.

 

Туве КРАБО, СУРЕТШІ:

Мен өз суреттерім арқылы халыққа жаһандық түйіткілдер жайында алаңдаушылығымды жеткізгім келді. Менің өнерім кино секілді, онда драма, көңіл-күй, қозғалыс, жарық пен түнек бар. Көбіне өз образдарымды ғаламтор желісінен аламын. Олардың басым бөлігі адамзат қасіреті мен экологиялық зардап шеккен орындар. Нәтижесінде соңғы шешімді акварель мен сия қабылдайды.

 

Көрме Швеция Корольдігінің еліміздегі Елшілігінің қолдауымен және жергілікті мұражайдың «Мәдениет арқылы үн қосу» халықаралық жобасы аясында ұйымдастырылған.

 

Христиан КАМИЛЛ, ШВЕЦИЯНЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЕЛШІСІ:

Швеция Қазақстанның ядролық қаруды таратпау жөніндегі бастамаларын қолдап аса жоғары бағалайды. Кеңес Одағынан қалған дүниежүзіндегі қуаты жөнінен 4-орынды иеленетін ядролық қарудан бас тарту шешімі - маңызды әрі елеулі оқиға. Швеция да  бұл мәселенің түйінін тарқатуда өз тарапынан белсенді іс-қимылдар жасап, күш салып келеді.

 

Айта кетерлік жайт, Швеция мен Қазақстан 2017-2018 жылдарға Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланды. Бұл орайда қос тарап әлемді қарусыздандыруға бағытталған бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін тығыз ынтымақтастық орнатып жатыр.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер