Бір жарым ғасырлық тарихы бар қойылым - «Дон Кихот» балеті «Астана Операның» сахнасында қойылады. Қазір елордалық театр труппасының бишілері қызу дайындықта. Заман өзгерсе де, көне қойылымға деген қызығушылық еш кеміген жоқ. Керісінше, 147 жыл бойы талай елде сахналанып келе жатқан спектакльге деген халықтың ілтипаты артып келеді. Өнер ұжымы қойылымды өңдеп, оған қанық рең беріп, астаналық көрерменге ұсынуды мақсат етіп отыр. 

 

Бақтияр АДАМЖАН, БАЗИЛЬ ПАРТИЯСЫН ОРЫНДАУШЫ:

Мен «Дон Кихот» спектаклінде Базильдің рөлін сомдаймын. Ол Базиль кәдімгі өзіммен қатарлас адам десе болады. Себебі ол жас. Жүрегі махаббатқа толы ғашық жан. Сондықтан бұл спектакльде мен үшін ең алғашқы мақсат - актерлік шеберлігімді көрсету. 

 

Балеттің қоюшы балетмейстері Алтынай Асылмұратова «Дон Кихот» балетінің әйел партиясы – қылықты Китриді кезінде өзі орындаған. Балет әлемінде әрбір театрдың репертуарында «Дон Кихот» спектаклі болуы керек деген пікір бар.

 

Алтынай АСЫЛМҰРАТОВА, СПЕКТАКЛЬДІҢ ҚОЮШЫ  БАЛЕТМЕЙСТЕРІ:

Әзіл деген өте нәзік нәрсе, бұл жерде шектен тыс шықпай, шынымен де күлкілі, түсінікті болуы үшін тепе-теңдікті сақтай білу керек, осының барлығы артистерге байланысты.

 

Спектакльде костюмдер мен сахнаның безендірілуі де маңызды роль ойнайды. «Дон Кихот» балетінде артистер киіп шығатын киімдер үшін италиялық шеберлер Франка Скуарчапино мен Эцио Фриджерио жауап береді.

 

Франка СКУАРЧАПИНО , КОСТЮМ СУРЕТШІСІ /ИТАЛИЯ/: 

«Дон Кихот» - бұл дәстүрлі Испания, бұл-  неше түрлі түстерге бай спектакль, онда қызыл, қара және басқа да түстер көп. Барлығы костюмдердің саны 200-ге жуықтайды.

 

Премьера қарсаңында жұмыс қызу. Дайындық залында артистер Людвиг Минкустың музыкасына билеп, қимылдарын шыңдап жатыр. Жарты ғасырлық тарихы бар қойылым «Астана Опера» ұжымының орындауында қайта жанданып, тағы да көрермен ілтипатына бөленбек.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер