Сарыарқаның төрінде аты әлемге мәшһүр Джакомо Пуччинидің «Богема» операсы алғаш рет сахналанды. Жергілікті көрермен классикалық туындының бас партиясын  тұңғыш рет қазақстандық операның жауһарына айналған Мария Мудряктың орындауында тыңдады. «Астана Опера» театрының жетекші солисі Мимидің рөлін сомдап шықты.

 

МАРИЯ МУДРЯК, ОПЕРА ӘНШІСІ:

Мими – жиырма екідегі жас қыз. Ұяң, сүйкімді, әрі мейірімді өте қарапайым бойжеткен. Бұл партияны екінші рет орындауым. Менің қатысуыммен тұңғыш рет Италияда қойылды. Сол кездегідей, қазірдің өзінде бұл рөлге үлкен жауапкершілікпен дайындалдым. Яғни, түпкі шығармасын қайта оқып шығып, Мюрже бойынша қойылған фильмді тағы бір қарап шықтым. Бұл операның әртүрлі қойылымдарын тыңдап, тамашаладым.

 

Көркіне көз тоймас сұлу Мими Рудольфтің жүрегін жаралайды. Ессіз махаббатқа бөленген жұп қарапайым шаруалар отбасынан шыққанымен, өз еріктері өздерінде, арман мен үмітке толы өмір сүреді. Ғашықтықты жырлайтын қойылым қайғылы аяқталғанымен, ұлы сезіммен қатар, ойын-сауық пен қалжыңға қанық.

 

МАРИЯ МУДРЯК, ОПЕРА ӘНШІСІ:

Кіндік қаның тамған жерде өнер көрсету қашанда жүрегіме жақын тиеді. Отандастарымның көңілінен шығу үшін барымды саламын. Қазақстандықтардың ықыласы күш-қуат беріп рухтандыра түседі. Сондықтан туған еліңде қойылған әр спектакль халықаралық сахналарға жол тартатыны жақсы дәстүрге айналды. Мәселен, менің басты рөлді сомдауымен «Астана Опера» театрында тұсауы кесілген «Травията»   әлемнің өзге өнер ошақтарында қойылып жүр. Бұл жерлестерімнің қолдауының арқасы деп білемін.

 

Көптің көзайымына айналған Мария Мудряк - туған елін әлемдік сахналарда абыроймен танытып жүрген дарын иесі. Кішкентайынан өнерге бейімделген қыз 5 жасында күйтабақ шығарған әлемдегі ең жас опера орындаушысы атанған.  Ал 2011 жылы Италияның үздік жас әншісі деп танылды.

 

НҰРЛАН БЕКМҰХАМБЕТОВ, ОПЕРА ӘНШІСІ:

Машаның шығармашылығы болашақта да жарқын болатынына сенімдімін. Оның бүгінгі өнеріне тәнтімін. Қойылымдағы  кейіпкеріндей қарапайым қыз. Дарындылығымен қатар өте еңбекқор.

 

Бүгінде күміс көмей дауысты Мария Мудряк өнері аса сұранысқа ие. Шығармашылыққа белсене кіріскен отандасымыздың гастрольдік сапарлары 2019 жылға дейін түзіліп қойылыпты. Ол Қазақстаннан бірден әлемдік турнеге аттанады. Тығыз жұмыс уақытында жергілікті көрермендерін назардан тыс қалдырмайтын  Мария  «EXPO-2017»  көрмесі аясында тосын сый жасайтынын тілге тиек етті.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер