Қазақ кітаптары неміс қауымына паш етілді

Қазақ кітаптары неміс қауымына паш етілді

Еліміз Тәуелсіздік алған 25 жылдан бері қазақстандық 25 кітап Германияда неміс тіліне аударылған. Бұл әдебиеттер "Қазақ кітапханасы" атты жоба аясында Майндағы Франкфурт қаласында көпшілікке таныстырылды. Неміс тіліне аударылған алғашқы қазақстандық кітаптардың бірі – елбасының «Еуразия жүрегінде» туындысы. Бұл басылымнан Германия жұртшылығы Астанамыздың қалай өркендеп, қалай дамығаны жайлы оқып білді. Кейіннен Әуезовтың "Абай жолы", Әбіш Кекілбаевтің романдары мен Фариза Оңғарсынованың өлеңдері де неміс тілінде жарық көрді.

 

БИГЕЛДІ ҒАБДУЛЛИН, ПУБЛИЦИСТ:

Әдебиет пен мәдениет   халықтарды байланысыратын көпір. Сондықтан  қазақтың ұлы ақыны Абайдан бастап Дүкенбай Досжанов секілді қаламгерлеріміздің туындыларын неміс тіліне аудару еліміздің мәдениетіне ғана үлес қосып қоймай, екі жақты қарым-қатынасты дамытуға да өз септігін тигізеді.

 

Неміс әдебиеттанушысы Леонард Кошут қазақ классиктерінің туындыларымен жұмыс істеу оңайға соқпағанын жасырмайды. Ол алғаш рет Абай өлеңдерін аударғаннан кейін поэзия тұңғиығына бойлап, одан ары қарай тоқтай алмайтынымды түсіндім дейді.

 

ЛЕОНАРД КОШУТ, ӘДЕБИЕТТАНУШЫ:

Қазақтың поэтикасы, философия, тарихы мен тіпті ұйқасының өзі жеке дара. Мен істеген жұмысымнан үлкен ләззат алдым. Көмекшім Абай туындыларын аударғанымды естігенде, «Ақыры Абай немісше сөйледі ғой» дегені әлі есімде.

 

Енді неміс қауымы тек Абайдың ғана емес, Олжас Сүлейменов пен Мұқағали Мақатаевтың шығармаларын да оқи алады. Ал әдебиетсүйер қауым "Қазақ кітапханасы" жобасының  жаңа басыламдарын асыға күтетіндерін айтады. 

 

Сурет: kazpravda.kz