Халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан көне дәстүрлері заманауи эстетика мәнерінде. Орал қаласының «Woman Art Дизайн» шығармашылық тобының ұлтық нақышта орындалған сәндік-қолданбалы өнер туындылары көптеген елдердің көрермендерін баурап алғаны мәлім. Атакәсіпті жетік меңгерген сұлу өнердің сыршыл шеберлерінің  жұмыстарын енді елордалық қауымның тамашалауға мүмкіндіктері бар. Ұлттық сурет галереясында ұжымның жеке көрмесі ашылды. Онда дәстүрлі мұраны жаңғырту мақсатында жасалған көздің жауын алатын еңбектер қанат жайған.

 

НАТАЛЬЯ БРИКС, ҚАЗАҚСТАН ДИЗАЙНЕРЛЕР ОДАҒЫНЫҢ МҮШЕСІ

Барлық композицияларымыз халық кәсіпшілігінің дәстүрлі технологиясы, бейнелеу, сәндік-қолданбалы өнер түрлерін,  дизайнның тарихын, таңбаларды әрлеудің талаптарын зерттеудің нәтижесі. Біз тұрмыстық әдеп-ғұрыптарды, мәдени және тарихи құндылықтарды бір арнаға тоғыстырдық. Әр ою-өрнектің өз мағынасы болғанымен, ортақ мазмыны бір. Біздің көздегеніміз - осы дәстүрлі өнерді насихаттау, қатарымызға жастарды тартып, бойларына рухани тәрбие сіңіру.   

 

Наталья Брикс, Раиса Алексеева және Марина Ермекқалиева – Қазақстан Дизайнерлер Одағының мүшелері. Отандық заманауи суретшілердің арасында өзіндік орны бар ұжымның бірлесе еңбек етіп жүргендеріне биыл 16 жыл толып отыр. Жасампаз топ көптеген таңғажайып шығармашылық ойларын жұмыла іске асырып келеді.

 

РАИСА АЛЕКСЕЕВА, ҚАЗАҚСТАН ДИЗАЙНЕРЛЕР ОДАҒЫНЫҢ МҮШЕСІ

Мына гобелен «Қазақстанның Жер-Анасы» деп аталады. Осы бірлескен жұмысымыз Мәскеуде өткен көрме байқауында бас жүлдеге лайық деп танылды. Онда жерден күн көзіне ұмтылған бидай дәні мен тұмарша, қошқар мүйіз сынды ою-өрнектер жиыны әйел бейнесін береді. Қазақ әйелі -  қашан да отан-ана,отбасы ұйытқысы, ошақ иесі, жылулықтың белгісі. Сондықтан көп еңбектеріміздің негізінде қыз-келіншектер бейнеленген.   

 

Ұжым негізінен табиғи түрлі-түсті былғары, киіз, иірілген жіппен жұмыс істегенді жөн көреді. Он саусағынан өнер тамған шеберлердің қолына тиген материалдардан туған талай картина, гобелен мен панно топтамалары өнерсүйер қауымның назарына ұсынылып жүр.     

 

ЕЛЕНА ЧЕРНОВА, СУРЕТ ГАЛЕРЕЯСЫНЫҢ БӨЛІМ ЖЕТЕКШІСІ

Туындылардың өз мәні бар. Әрқайсысы Қазақстанның бай тарихи-мәдени мұрасын бейнелейтін сәулет, киіз басу, зергерлік және қыш-құмыра өнерлерінің жауһарлары болып табылады. Бұл – ұлттық дәстүрлер, қазақ халқының ғасырлық даналығы мен озық шеберлігінің үйлесімі. Дәстүрлі  әдістің сақталғаны аса қуантады. 

 

Шежіресі бай сәндік-қолданбалы өнер мұралары тек қазақстандықтардың жүрегіне жол тауып қана қоймады. «Woman Art Дизайн» жұмысы халықаралық көрмелерде әлденеше рет жоғары бағаланған. Ұжым туындылары  әлемнің 30-дан астам елінде мемлекеттік және жеке коллекцияларда өз орнын тапқан.

 

Сурет: nag-astana.kz

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер