«Саха театрының аңыздары» қазақстандық көрерменге жетті. Ойунский атындағы Якутияның академиялық драма театры Алматы және Астана қалаларында алғаш рет төл туындыларын сахналады. Өнер десе ішкен асын жерге қоятын қауым шығармашылық ұжымның үздік қойылымдарын тамашалау мүмкіндігін қалт жібермеді. Труппа қара шаңырақтарының 110 жылдығын Еуразиялық сапарға шығу арқылы атап өтуді жөн санапты. Сахна саңлақтары мерекеге ортақтасқан елордалықтар назарына «Бақсының түсі» спектаклін ұсынды.

 

АНДРЕЙ БОРИСОВ, ТЕАТР ДИРЕКТОРЫ

Бұл қойылым біздің атақты жазушы, философ Алексей Кулаковскийдің поэмасы желісімен құрылған. Ол 20- ғасырдың басындағы көріпкел  «Бақсының түсі» арқылы барлық әлемдік соғыстар мен ғаламдық табиғи құбылыстардың болатынын жеткізуге тырысқан. Біз Астана қаласының жастар театрына келгендіктен спектакльдің жастарға бейімделген нұсқасын қоямыз деп шештік. Бұл туындымыз этно-рок жанрында әзірленді.

                                                                                                      

Қоюшы режиссер Руслан Тараховский бір спекталде өзендей аққан философиялық ойлар мен дәстүрлі діни сенімді үндестіре білді. Бұл рухани көзқарастарға заманауи мәнердегі әуен мен хореография кірістіріліп, қойылымды бүгінгі жастардың тілімен еріксіз ұғындырады.  Бақсының арбап, адамды еркінен айыру салт-жорасының әсерімен, жас рок музыкант өзінің болмысын іздеу жолында қиындықтарға  толы сындарды бастан кешіреді.  

 

АЛЕКСАНДР БОРИСОВ, АКТЕР

Спектаклде үш бақсы бар. Олардың сенімі мен мінездері әр қилы. Бір-біріне мүлдем ұқсамайды. Қызыл бақсы халықты билікке қарсы көтеріліске үгіттейді. Ал қарт бақсы өте дана болады. Оның әр сөзі тұнып тұрған ғибратты ақыл өнегеге  толы. Мен сол екі тұлғаның жағымды қасиеттері мен ортақ құндылықтарынан туған жас бақсының рөлін сомдаймын. Қойылымның өзегі де сол. Басты кейіпкер бірлікке шақырып, бейбіт әлем құруға үндейді.

 

Сурет: ysia.ru

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер