Астанада білім мекемелерінде өткен этномәдени бірлестіктердің күндері аяқталды, деп хабарлайды Астана әкімдігі. Осы уақыт аралығында көрермендер этномәдени бірлестіктер мен Қазақстан халқы Ассамблеясы қызметі туралы біліп қоймай, Қазақстан аумағында тұратын этностардың бай мәдени мұраларымен, өнерлерімен, салт-дәстүрлерімен кеңірек танысты.

 

Этномәдени бірлестіктердің күндері аясында «Поляки» қоғамдық бірлестігі концерт қойып, өз бірлестіктері туралы мағлұматтар берді. Ал, «Алеф» еврей этномәдени бірлестігінің қолданбалы өнер көрмесі көпшіліктің қызығушылығын туғызды.

 

Сонымен қатар, №31 мектеп-гимназиясында «Парвиз» тәжік мәдени орталығы мен «Лад» республикалық славяндар қозғалысының филиалы жасөспірімдерге арналған концерт қойды. Шара барысында тәжік мәдени орталығының өнерпазы Мигунова Назираның флейта аспабында орындаған музыкалық шығармасы жиналғандардың көңілінен шықты.

 

Мұнымен қоса, өзбек, күрд, және белорусс этномәдени бірлестіктері «Лингва» Шет тілдер колледжінде өз ұлттарының әндері мен билерін көпшілікке ұсынды.

 

Этномәдени бірлестіктердің күндерін Қазақ гуманитарлық заң университетінің көрермендер залында өткен үлкен концертпен аяқталды. Онда болашақ заңгерлерге «Вайнах» шешен-ингуш, «Ван» армян және кәрістердің этномәдени бірлестіктері өз өнерлерін тарту етті.

 

Еске салайық, этномәдени бірлестіктер күндерінің салтанатты ашылуы 17 қазанда елордалық көлік және коммуникациялар колледжінде өтті. Онда өз өнерлерін алғашқы болып «Возрождение» немістер қоғамы, «Қырғыстан-Астана» қоғамдық бірлестігі, сондай-ақ «Таң» татар-башқұрт мәдени орталығы көрсеткен болатын. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер