Астаналық «Жастар» театры 10-маусымын ашты. Өнер ұжымының кезекті маусым шымылдығы Шыңғыс Айтматов пен Әбіш Кекілбаевтың «Шыңғысхан» туындысымен түрілді. Тарихи шығарма Нұрқанат Жаққыпбайдың режиссерлік жаңа шешімімен көрініс тапқан. Режисер жарты әлемді жаулаған жаһан әміршісінің толағай табыстары мен ұрыс даласындағы сансыз жеңістерінен бұрын, оны тізе бүктірген қандай күш деген сұраққа жауап іздейді. Бұл - Шыңғысханның тылсымға толы тағдырын оқиға өзегіне айналдырған қойылым.  Бас кейіпкердің ролінде – танымал актер Әділ Ахметов.

 

Әділ АХМЕТОВ, АКТЕР:

Осы спектакльмен 10 жыл бұрын театрымызды ашқан болатынбыз. Ол кезде 22 жаста едік, осы рөлді тұңғыш ойнаған кезде.  10 жылдың ішінде қойылым да өсті. Біздің рөліміз де біршама өсті деп есептейміз. Тарихшылар жазған өте қатігез, аяушылықты білмейтін қанішер деп. Бірақ біз Шыңғысхан олай деп ойламаймыз. Ол өте әділетті,  тәртіпті жақсы көретін, өз елін өте сүйетін ұлы тұлға. Ол елін көркейткен, әлемге танытқан адам.

 

Жаз бойы дайындығын пысықтаған шығармашылық топ осы еңбектерімен  бірнеше байқауда бақ сынап үлгеріпті. Мысалы, Беларус жерінде өткен «Белая важа» халықаралық фестивалінде «Ең әсерлі қойылым» аталымы бойынша лауреат атанды. Өткен айда ғана аяқталған Республикалық драма театрларының фестивалінде де жүлдеге ілінді. Алдағы уақытта өнер ұжымы Евгений Брусиловский мен Ғабит Мүсіреповтің «Қыз-Жібегін» жаңа сипатта жарыққа шығармақ.  Бұдан бөлек, қара шаңырақ көрермендерін он жылдық мерейтойына орай өзге де тың туындылармен қуантамыз деп отыр.   

 

Нұрқанат ЖАҚЫПБАЙ, ЖАСТАР ТЕАТРЫНЫҢ КӨРКЕМДІК ЖЕТЕКШІСІ:

Биыл қоржынымызда тағы екі жоғарғы деңгейлі жүлдеміз бар. Маусымымызды осылай бастағалы тұрмыз. Және де мына  тәуелсіздіктің 25 жылдығына арнап Әбіш Кекілбаевтің «Абылайхан» тарихи драмасын жасап жатырмыз қазір. Осы қараша айында премерасын көрсетеміз деген ойдамыз.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер