Елордада Оңтүстік-Шығыс Азия елдері де өз мәдениетін таныстырды. АСЕАН фестиваліне келушілер Индонезия, Таиланд, Вьетнам және Малайзияның жұмбаққа толы табиғатына жақындай түсіп,  дәмі тіл үйірер тағамдарын татып көрді.

 

АНЕЛЬ МАРАБАЕВА, АСТАНА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Біз бұл фестивальге жыл сайын келуге тырысамыз. Бүгін шетелдік меймандармен қатар біздің студенттердің биі де мені қуантты. Өзім де бишімін, осының арқасында оңтүстік-шығыс азия елдерінің мәдениетімен таныспын. Және ол бізге өте жақын деп ойлаймын. 

 

Азиялық колоритке, азиялық тағамдарға, азиялық қолөнерге ерекше қызығушылық танытатындар аз болмады. Әр елдің бұрышында ұзын-сонар кезек те жиналды. Ағашты жонып, сан түрлі пішін жасайтын малайзиялықтар өз туындыларын көрмеге ұсынды.  Бұл елде қамысты тоқу және матаға сурет салатын батик өнері де бұрыннан дамыған.

 

СУРИЯТИ ТАМПИТ, ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ МАЛАЙЗИЯ ЕЛШІСІНІҢ КӨМЕКШІСІ:

Бұл «дуланг» деген біздің ұлттық аспабымыз. Ал мынау жержаңғақ тазалауға арналған сүзгі.  Оны ұлттық билерде де қолданамыз. Оның пішіні мен түстері де саналуан. Менің қолымдағысы жапырақ түрінде жасалған.

 

Ал тағамдардың дәмін татуға келгенде қай елге деген қызығушылықтың басым болғанын нақты айту қиын. Алайда бәсекелестікте теңіз өнімдеріне бай вьетнамдық асхананың артта қалмасы анық.

 

ДОАН ТХИ СУАН ХИЕН, ВЬЕТНАМНЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЕЛШІСІ:

Біздің аспаздар ұлттық асханамыздың ең танымал тағамдарын әзірледі. Оның ең бастысы – күріш қағазына оралған «нэм» атты роллдар. Оған ет, сәбіз және сарымсақ қосылады. Мерекелер кезінде бұл тағамды туыстарымызға, достарымға әзірлейміз. АСЕАН елдерінің тұрғындары әрдайым жылы шырай танытып жүретіндерімен белгілі. Фестивальге келген әрбір адам біздің елімізге де келеді деп сенеміз. 

 

Индонезия, Таиланд, Вьетнам және Малайзия. Фестивальге келушілер олардың 4 бөлек ел болғанымен, мәдениеті пен дәстүрлері бір-бірімен үндесетін АСЕАН мүшелері  екеніне көз жеткізді. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер