Зергер Берік Әлібайдың әр күні осы шеберханада басталады. Бір кездері ол мұнда таңды-таңға ұрып түрлі бұйымдар жасайтын. Қазір көбіне шәкірттеріне бағыт бағдар беру үшін бас сұғады. Тұрып жатқан үйінің бір бөлігі шеберхана болса, келесі жағын музей етіп жасақтаған. Жылдар бойы өзі жасаған дүниелері мен жинаған коллекцияларын осы жерден көре аласыз. Үй жағдайындағы музей - шебердің көптен бергі арманы. Енді ол мұнда «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі аясында келген туристерді қонақ қылмақ.

 

БЕРІК ӘЛІБАЙ –ЗЕРГЕР, ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ:

Музейге айналдырып, артымдағы болашақ ұрпаққа соның бәрін қалдырып істесем деген ниет. Шетелден келген қонақтарға көрсетіп, сақина қалай жасалады, қару-жарақ, ер-тұрман қалай жасалады соны көрсету арман.

 

Бойтұмар, сақина, білезік, алқа, қару –жарақ пен ер-тұрман.  Қарапайым күміс Берік Әлібайдың қолында нағыз ұлттық мәдениеттің шілтеріне айналады. Сондай-ақ, бұйымға салынатын әр ою мен пішіннің де өзіндік мәні бар. Оларға қарай отырып, иесінің жасы, әлеуметтік жағдайы және балаларының бар-жоғын білуге болады. Сондықтан мұндай дүниелерге мұқият болған жөн, дейді ол.

 

БЕРІК ӘЛІБАЙ –ЗЕРГЕР, ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ:

Ер тұрманның, айылбастың өрнектерін алып кейде біреулер тұмар жасайды, сырға қылып іледі. Олай жасауға болмайды. Ол өнердің ғұмыры да қысқа болады.

 

Шебер еңбектерінің ішінде ерекше атап өтетіні - мына сәукеле. Ол мұны өз қызының ұзатуына жасаған. «Бұл бұйымға ат басындай алтын берілсе де, сатылмайды», - дейді. Зергердің өз еңбегіне ғана емес, өзге шеберлердің де туындыларына көзқарасы осындай. Шет елдерге сапарлағанда жинаған жәдігерлерінің өзі бөлек әңгіме етуге тұрарлық. Еліміздің түкпір-түкпіріндегі музейлердің қорын да ара-тұра өз қаржысынан толықтырып тұрады. Өнертанушылар оның қазақ қолөнеріне қосқан үлесі ұшан-теңіз екенін айтады.

 

ТІЛЕУКЕШ ЖАУБАСОВА, ӨНЕР ЗЕРТТЕУШІ, ФИЛОЛОГИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ:

Ол - реставратор. Реставратор деген мамандар қазір жоқтың қасы. Көптеген музейлерде ол жоқ, мұндай маман өте сирек. Осының бәрін Берік бір өзі жасап отыр. Сонда бұл – әмбебап маман деп айтар едім. Ол тек қана зергер ұста емес, ол жан-жақты.

 

Оның есімі біздің елімізде ғана емес, шет елдерде де танымал. Бір қызығы оның бұйымдарын Иордания патшайымы түрлі атаулы кештерге тағып келеді екен.

 

Берік Әлібайға Зергерлік істің әлемдік деңгейде дамуына қосқан үлесі үшін Карл Фаберженің құрмет ордені, мұсылман әлемінің үздік зергері атағы берілген. Ал шебердің өзі «бұл сияпаттар - атадан балаға мирас болып қалған өнерді тасымалдау жолында көрген зейнетім» дейді.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер