"Астана Опера" театрының жетекші солисі Сүндет Байғожин Ресейдегі телевизиялық байқауда өнер көрсетіп, Мәскеуді таңқалдырды. Қазан айында бастау алған байқауға жеті елден 12 вокалист қатысып жатыр. "Астана Опера" театрының әншісі Сүндет Байғожинды жоба авторлары бұған дейін де бірнеше мәрте шақырған. Соның биыл сәті түсті. Екінші бағдарламада Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің Абай ариясын орындаған ол қазылардың ықыласына бөленді.

 

СҮНДЕТ БАЙҒОЖИН, ОПЕРА ӘНШІСІ:

Абай операсы - біздің қазақ операсының ең биік шыңы. Ең танымал опералардың бірі. Және мен осы Ресейдегі көрермендерге, мында да менің өзімнің көрермендерім бар. Маған демеу болып жатқан адамдар көп. Сізге өзіміздің дауысымызды береміз деп айтып жатыр, Қазақ өнерін біз қазақ жігіттері дәріптемегенде кім жасайды.

 

Әнші байқаудың ең жоғарғы бағасын алды. Төреші-сыншылардың бәрі де бірауыздан Байғожиннің өнеріне қол соқты.   

 

ДЕНИС ВЛАСЕНКО ДИРИЖЕР: 

Әрине ол өз өнерімен керемет әсер қалдырды. Дауысы, техникасы және ән табиғатын сезінудегі өзіндік стилі тамаша шықты. Бұл жігіттің болашағы зор. Әсіресе италиялық репертуарын атап өтсек болады.

 

Сүндет Байғожин 8 ұпай еншілеп, топ басына шықты. Қазақ ұлттық музыка академиясында алған білімін Италияда шыңдаған ол әлемдік сахналарда өнер көрсетіп, тәжірибе жинады. Халықаралық байқауларда жеңіске жетті. Қазір Сүндеттен кейін үздік үштіктің қатарында Армения мен Ресейлік әншілер келеді.

 

АНДРЕЙС ЖАГАРС ЖОБА ЖҮРГІЗУШІСІ:

Бұл конкурс жас опера әншілерінің танымалдығын арттыруға жол ашады. Себебі бұл сайысқа Қазақстаннан бөлек, Грузия, Армения секілді өзге де мемлекеттердің жастары келіп өз өнерлерін паш етеді. Халықаралық жоба болғандықтан жастардың үлкен сахнаға шығуына да жол ашады.

 

Телешоудың ережесі бойынша әр бағдарлама сайын төмен бал жинаған қатысушы байқаудан сырт қалады. Финал желтоқсан айында Үлкен театр сахнасында өтеді. Жеңімпазды көрермендер тікелей эфирде смс-дауыс беру арқылы анықтайды.

 

Сурет: 24.kz

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер