Картинки по запросу красная площадь

 

Ресейліктер қазақ халқының бай мәдени мұрасымен танысады. Қыркүйектің 19-20 күндері Мәскеуде Астананың мәдениет күндері өтеді, деп хабарлайды Астана әкімдігі.

 

Мәдениет күндері аясында өтетін басты шаралардың бірі этноауыл экспозициясы болмақ, онда ежелгі көшпелілердің тұрмыстық атрибуттары көпшілік назарына ұсынылады. Ауыл әлемдегі ірі экспозициялық алаң – Халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесінде орын тебеді. Мұнда бірнеше тақырыптық киіз үй тігіледі - «Ақ Орда», «Аңшының үйі», «Шеберлердің киіз үйі», «Қолөнершілер шеберханасы» және т.б.

 

Сондай-ақ, этноауылға келушілер киіз үй құрастыруға қатысады. Ұлттық тағамдар мен дәстүрлі сусындар – қымыз бен шұбаттан ауыз тиеді. Елордалық фольклорлық ұжымдар өз өнерлерін ортаға салса, сәндік-қолданбалы өнер шеберлері өз еңбектерін көрме жәрмеңкеде ұсынатын болады. Қолөнершілер жүн мен саздан түрлі бұйымдар, ұлттық нақыштағы әшекейлер жасайды. 

 

Сонымен қатар, этноауыл аумағында «ЭКСПО-2017» павильоны ашылады. Қонақтарды алып батырлар мен ұлттық киім киген қыздар қарсы алады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл нағыз қазақ ауылының атмосферасын қалыптастырады. Экспозиция сағат 10:00-22:00 аралығында жұмыс істейді.

 

Мұнымен қоса, Мәдениет күндері аясында Мәскеу тұрғындары мен қонақтары қазіргі заманғы қазақстандық кинематографпен де таныса алады. 19 және 20 қыркүйекте «Космос» киноконцерт залында «Жаужүрек мың бала» және «Аманат» фильмдері көрсетіледі.

 

Анықтама: 19 қыркүйекте Мемлекеттік Кремль сарайының сахнасында қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен гала-концерт өтеді. Сахна төрінде ҚР халық әртістері Әлібек Дінішев, Роза Рымбаева, Айман Мұсақожаева, Майра Мұхамедқызы, «Славянский базар-2015» конкурсының жеңімпазы Димаш Құдайберген,  Бүркіт пен Аиша, «Музарт», «Формат», «Ринго» топтары өнер көрсетеді. 

 

Сонымен қатар, «Наз» мемлекеттік би театры мен «Шалқыма» халық биі ансамблі, Астана қаласы мемлекеттік филармониясының қазақ халық аспаптары оркестрі және «Астана» эстрадалық-симфониялық оркестрі, «Тұран» эстрадалық-фольклорлық ансамблі және «Серпер» домбырашылар ансамблі өз шеберліктерін ортаға салады.

 

Сатира кешінде Тұрсынбек Қабатов бастаған үздік қазақстандық әзілкештер мәскеуліктерге көтеріңкі көңіл күй сыйлайды. Бұл күні ресейлік «А-Студио» тобы да келушілерді қуантпақ.

 

18-20 қыркүйекте Астана м ен Мәскеу қалаларының былғары қолғап шеберлері өзара күш сынасады, елорда құрамасынан жарысқа 16 спортшы қатысады.

 

20 қыркүйекте сағат 19:00 Ресейдің ірі мәдени орталығы – Мәскеу халықаралық Музыка үйінің сахнасында М. Горький атындағы академиялық орыс драма театрының Болат Жандарбековтың «Сақтар» романының желісімен дайындалған «Томирис – Сақ патшайымы» қойылымы көрсетіледі. 

 

Бұл күні Мәскеуде үздік қазақстандық суретшілер мен мүсіншілердің еңбектері қойылған «Жусан иісі» атты бейнелеу өнері көрмесі ашылады. Экспозиция Нью-Йорк, Берлин және Бейжің сияқты ірі қалаларда өткізіліп, жергілікті мамандар мен өнерді бағалаушылар арасында үлкен жетістікке қол жеткізген. Мәскеу суретшілер одағының көрме залында көпшілік назарына ұсынылатын туындылар көрмесі 2 қазанға дейін жалғасады. 

 

 

 

 

Сурет: inartravel.com

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер