Синай түбегінде ресейлік жолаушылар ұшағы апатқа ұшырағаннан кейін, Мысырдың туризм саласы дағдарысқа тап болды. Үкімет елге саяхатшыларды қайта тарту үшін бар күшін жұмсауда. Осы мақсатта әйгілі пирамидалар алқабында Египеттің бас мұражайының жаңа ғимараты салынып жатыр. Бұл Ежелгі Мысыр тарихына қызығып, елге келетін туристердің санын арттыруы тиіс. Құрылысты бір жылда аяқтау жоспарланған. Алайда осыған дейін бұл жобаны іске қосу мерзімі бірнеше мәрте шегерілген болатын. Ауданы 500 мың шаршы метрді құрайтын зәулім ғимарат 2018-жылға қарай келушілерге жүз мыңнан аса экспонат ұсынуды көздеп отыр.

 

Тарек Тауфик, Египеттің бас мұражайының кураторы:

Тахрир алаңындағы мұражай бұрыннан сыналып жүр. Соңғы кезде ол жәдігерлерге толған бір қоймаға айналған. Сол себептен жаңа кең мұражай салынып жатыр.

 

Жаңа ғимаратта тек әйгілі Тутанхамон мавзолейінің экспонаттары үшін ауданы жеті мың шаршы метр жеке бөлме бөлінеді. Ал Каирдегі ескі мұражайдың бүкіл ауданы небәрі 10 мың шаршы метр.

 

Тарек Тауфик, Египеттің бас мұражайының кураторы:

Алғаш рет Тутанхамон табытында табылған заттардың түгелі қойылады. Қазір Каирдегі бар 1600 экспонат қана емес, қорларда жатқан тағы бес мың жәдігер көпшіліктің назарына ұсынылады. Египетке туристерді тарту үшін мұның өзі жеткілікті.

 

Ежелгі Египеттің басты қазыналарын қабылдайтын зәулім ғимараттың іргетасын 2002-жылы президент Хосни Мубарак салған. 2011-жылғы революциядан кейін құрылысы уақытша тоқтатылған болатын. Ел билігі осы қымбат жобаның іске қосылуы Египеттің туризм саласын қайта жандандырады деген үмітте. 

 

 

 

Сурет: geographyofrussia.com

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер