Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы аты аңызға айналған Мариинск театрында "Ақ түннің жұлдыздары" атты дүниедегі ең танымал халықаралық фестивальдердің бірі өтіп жатыр. Қазақстандық "Астана Балет" театры да айтулы шараға қатысуда. Отандастарымыз аталған өнер ордасында  үшінші рет өнер көрсетіп отыр. "Әр сахнаға шыққанымыз - бір емтихан тапсырғанымыз", - дейді бишілер.

 

Назерке АХМЕТ, БАЛЕРИНА:

Қатты қобалжып тұрмын. Мұндағы сахнаның аты аңызға айналған. Сондықтан көрермен алдына шығарда, міндетті түрде моральды тұрғыда дайындаламыз. Қойылымға жарты сағат қалғанда жетекшіміз бәрімізді жинап, бізді шабыттандыруға тырысады.

 

Астаналық театрдың қойылымын тамашалауға Санк-Петербург қаласының тұрғындары да келген. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген туристер, балеттанушылар және театр сыншылары да бар. Залда ине шаншар жер жоқ. Бұл жолы "Астана балет" ұжымы еуропалық хореографтар қойған спектакльді көпшілікке ұсынды.

 

Рикардо АМАРАНТЕ, ҚОЮШЫ ХОРЕОГРАФ /БЕЛЬГИЯ/:

Әртістер көкте самғап жүргендей әсер қалдырғымыз келді. Бұл ойымыз жүзеге асқан секілді. Біздің хикаямыз әлемдегі үйлесімдік туралы баяндайды. Табиғатты күту керек деген ой тастайды көрерменге. "Астана балет" ұжымымен бірге жұмыс істеу маған қатты ұнады. Бұл біздің бірге қойған соңғы спектакліміз емес.

 

"Астана балет" ұжымы Мариинскіде алғаш өнер көрсеткен кезде-ақ ресейлік сыншылардың жоғары бағасына ие болған. Орыс балет Академиясының профессоры Ольга Розанованың айтуынша, елордалық театр әртістері әлемнің ең үздік сахналарында өнер көрсетуге лайық.

 

Ольга РОЗАНОВА, А.Я. ВАГАНОВА АТЫНДАҒЫ ОРЫС БАЛЕТ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ ПРОФЕССОРЫ:

Бүгінгі кеш өте қызықты өтті. Қазақ труппасы тамаша өнер көрсетті. Есесіне, бұл қойылымда тек әйел адамдар ғана ойнады. Олар ер азаматтар тарапынан қолдау көрген жоқ. Бәрін өздері билеп шықты. Меніңше, спектакльді әлемнің кез келген сахнасында көрсетуге болады.

 

 

 


Сурет: liter.kz

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер