Мәдениет

Ақтөбелік археологтар тарихи ескерткіштерді қорғауға алды

25.06.2016 18:44

Ақтөбелік археологтар апатты жағдайда тұрған құнды тарихи ескерткіштерді қорғауға ала бастады. Ол үшін тарихи нысандарды жедел зерттеу жөнінде өңірлік бағдарлама жасалған. Қазір бірқатар қорғандар мен қорымдарға жойылып  кету қаупі төніп тұр. Тарихшы Арман Бисембаев пен 30-ға тарта экспедиция мүшелері бұл жолы Ақтөбеден  бастап 50 шақырым аумақта қазба жұмыстарын жүргізді. Бұл жердегі жерлеу рәсімі екі жарым мың жыл бұрын болған.

 

Арман БИСЕМБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ТАРИХИ-ӨЛКЕТАНУ МҰРАЖАЙЫНЫҢ ҒАЛЫМЫ:

Бұл жерге салынған дуал түріндегі  тұйықталған мінәжат ететін кеңістік. Біз оны толық көлемде сақтап қалдық. Енді жерлеу рәсімі қалай жүргізілгендігін зерттеп келе жатырмыз. Қабірден күнделікті тұрмыс-тіршілікке қажетті заттар табылуда. Қару-жарақ, әшекей бұйымдар сияқты түрлі заттар. Міне мынау тастан жасалған құрбан шалынатын жер. Барлығы сақталған. Бұл ерте дәуірдегі қарапайым адамдардың өмірі мен мәдениеті болып табылады.  

 

Қабірлердің бірінде әйел адамның жерленгені анық. Өйткені мұнда қоладан жасалған айна, тастар мен моншақтар табылған. Мамандардың айтуынша, жерленген адам абыз болуы әбден мүмкін. Себебі жанынан жануарлардың сүйектері мен оны дәлелдейтін өзге де заттар табылды. Ал жерленген кісі алтын адаммен замандас, дейді ғалымдар.

 

Арман БИСЕМБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ТАРИХИ-ӨЛКЕНТАНУ МҰРАЖАЙЫНЫҢ ҒАЛЫМЫ:

Зерттелген нысандар таңдаулы әрі, түрлі бағалы металдардан жасалған жәдігерлер табылмаса да үлкен ғылыми жаңалықтар ашуға сеп болып отыр. Мұның өзі үлкен жетістік. 

 

Мұндағы нысандардың басым көпшілігі адамдардың тұрмыс қажеттілігіне байланысты бұзылған.  Қорғандар орналасқан жер өткен жүз жылдықтың аяғында айдалып кеткен.

 

Виктор АМЕЛИН, ОБЛЫСТЫҚ ТАРИХИ-ӨЛКЕТАНУ МҰРАЖАЙЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

Қорғанды толықтай қоршап, қабірдің айналасын оқшаулап дуал жасап кеттік. Ағаш жабындармен жауып, белгі қойдық. Енді әрі қарай зерттей береміз. 

 

Экспедиция мүшелері бір ай бойы жүздеген шаршы метр топырақты қолмен тазалап, сыртқа шығарып жатыр. Осылай тірнектеп жинақтаған тарихи жаңалықтар мен заттардың арқасында ерте дәуірдегі  жерлеу рәсімінің ерекшеліктері анықталмақ. 

 

 

 

Сурет: culturemap.kz

Көргендер саны: 384
Жаңалықпен бөлісу