Қазақстан киноиндустриясы соңғы жылдары қарқынды даму үстінде. Отандық фильмдер халықаралық дәрежеде сұранысқа ие. Мәселен, Ақан Сатаевтың жетекшілігімен жарық көрген «Анаға апарар жол» тарихи драмасы шетелдіктер арасында танымал. Фильм бұған дейін Испания, Ресей және Хорватияда өткен кинофестивальдарда жоғары марапаттарға ие болған.  Жуырда ғана әлемдік деңгейде ұйымдастырылған кино Нью-Йоркте өткен WeLink кинофестивалінде жоғары бағаланды. Отандық туынды «Өмір жетістігі» номинациясындағы «Үздік көркем фильм» жүлдесін иеленді. Ананың балаға деген махаббаты, туған жерге деген адалдығы мен сүйіспеншілігі Нью-Йорк тұрғындарын тәнті етті. Кинофестивальге түрлі жанрда кино түсіріп жүрген АҚШ, Қытай, Оңтүстік Корея, Судан, Таиланд және Жапония сынды елдердің өкілдері қатысты. Отандық киноматографтардың жұмысы БҰҰ-ның штаб-пәтерінде бағаланды.

СЭМ ХАРТСОН, КӨРЕРМЕН:

 - Америкада тұрып Қазақстандағы көшпелі қазақтардың тұрмыс-тіршілігін көру бір ғанибет. Менің ойымша, ананың балаға деген махаббаты шексіз. Әсіресе баласын күткен кейуананың күнде көшеге шығып, баласын зарыға күтетіні көңіліме қатты әсер етті.

ОЛЬГА ФЕДУН, КӨРЕРМЕН:

 - Тамаша картина, мұндай тарихты көзбен көрген ерекше екен. Ана махаббаты. Мұнда бәрі табиғи әрі әсерлі суреттеледі. Меніңше, аналық сүйіспеншілікті көрсете білудің өзі өнер. Бұл фильмді көре бергің келеді. Жүректі тебірентер мұндай туындылар көп болсын деп тілеймін. 

Қазақстандық режиссерлер шетелдіктермен әріптестік аясын кеңейте түспек. Бұл отандық киноиндустрияның аяққа нық тұрып, алға жылжып келе жатқанын білдіреді. Қазақстан және Қытай режиссерлері бірлесіп, танымал композитор Си Сихайдың өмірі мен шығармашылығы жайында фильм дайындады. Туындының көпшілікке таныстырылымы маусым айында өтеді. Мәдениет министрлігінің мәліметінше, бұл – көрші елдің кино нарығына жол ашатын бастама. Дәл солай Ресей елінің мамандарымен бірге «Эвакуация» фильмінің түсірілім жұмыстары жүріп жатыр. Қысқа уақыт ішінде түсірілген фильм әлемдік нарыққа жол тартпақ. Сонымен қатар «Әміре» фильмі де дүниежүзіне танылып, көпшілік ықыласпен қабылдайды деп үміттенеміз. Өйткені оның түсірілім жұмыстары голливудтық компаниялардың қатысуымен өткен. Әміре Қашаубаевтың өмір жолын таныстыратын фильмнің премьерасы 5 сәуірде өтеді.

АРЫСТАНБЕК МҰXАМЕДИҰЛЫ, ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРІ:

 - Қазір кинотеатрларда отандық туындыларға билет қалмайды. Бұл керемет жетістік деп санаймын. Қазір керісінше жерлестеріміздің өнімдері прайм-тайм уақытына қойылып жүр және мереке күндері барлық билет сатылып кетеді.

Өнертанушылардың пікірінше, Қазақстан соңғы кезде әлемдік ұлттық мәдениетте бәсекеге түсіп келеді. Осы ретте киноматографтардың еңбегі орасан. Әлемдік сахнада қазақтың тұрмыс-тіршілігін, кешегісі мен бүгінін көрсететін кино туындыларының көрсетілуі, саладағы жетістіктер, қазақ киноиндустриясының жаңа дәуірінің қалыптасуына мүмкіндік бермек.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер