Латын графикасымен анимациялық мультфильм түсіріледі

Латын әліпбиіндегі мультфильмдер. Бұл қазақстандық баспагерлер мен суретші-иллюстраторлардың тың идеясы. Жоба авторлары қазақ тілін латын графикасында меңгеруге септігін тигізетін балаларға арналған қысқа метражды анимациялық фильмдер сериясын шығаруды көздеп отыр. Ұлттық құндылықты ұлықтайтын мультфильм ұрпақ тәрбиесінде маңызды. Жобаның барлығы отандық телеарналардың қолдауымен жүзеге аспақ.

Бұл баспа басшысы Людмила Кирилинскаяның ұсынған жобасы. Ол 20 жылдан аса уақытын мектепке дейінгі жастағы балаларға үш тілде білім беретін әдістемелік оқу құралын жасақтауға арнаған. Балалар әдебиетін шығару ісі 90-шы жылдардың аяғында қолға алына бастады. Алғашында кітаптар орыс және қазақ тілінде жарыққа шықса, кейіннен ағылшын тілі қосылды. Людмиланың пікірінше, балалар әдебиетінде көрнекілікті көбірек қолданып, суретті сөйлету маңызды. Баспа басшылығы бейнелеу өнерінің негізін қалаушы Әбілхан Қастеевтің немересімен бірлесіп ертегілерді иллюстрациялауды қолға алған. Бұл жоба тек елімізде ғана емес, шетелдерде де танымал. Қазақ халық ертегілерінің мазмұнына иллюстрация жасау бүгінде үлкен жетістік.    

ЛЮДМИЛА КИРИЛИНСКАЯ, БАСПА ДИРЕКТОРЫ:

 - Бізді Англияда өткен халықаралық кітап жәрмеңкесіне шақырды. «Атамекен» аңыздар елінің топтамасына қазақ аңыздары енді. Бұл аңыздар сериясы шетелдіктердің таным көкжиегін кеңейтеді. Олар осы топтама арқылы Қазақ елінің өткеніне шолу жасайды, елдің тарихымен аңыздар арқылы танысады.

Баспагерлер онға жуық бірегей жобаларды іске асыруды жоспарлап отыр. Жүзеге асқан ауқымды шаралардың бәрі дерлік жас ұрпақтың санасын сергітіп, ел имиджін қалыптастырады.