Қазақстаннның бас мультипликаторы «Жібек жолы туралы аңыздың» жаңа нұсқасын ұсынбақ

Қазақстаннның бас мультипликаторы «Жібек жолы туралы аңыздың» жаңа нұсқасын ұсынбақ. Ғали Мырзашев Қытай, Ресей және Франция елдеріндегі әріптестерімен бірлесіп толық метражды анимациялық фильм жасау үстінде. Оқиға желісі елдер мен құрлықтарды байланыстырушы ежелгі керуен бағыты жөнінде өрбиді. Болашақ картинаның алғашқы эскиздері дайын. Оларды ресейлік аниматор, «Кин-дза-дза» фантастикалық мультфилімің авторы Александр Храмцов әзірлеген. Ортақ жоба бойынша жұмыс жасау идеясы 5 жыл бұрын Суздальда өткен кинофестиваль барысында туған.

ҒАЛИ МЫРЗАШЕВ, СУРЕТШІ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ АНИМАЦИЯЛҚ КИНО ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Қытай, Ресей, өзге де елдердің азаматтары қатысқан баспасөз маслихатында мен продюсерлік жолымды енді бастаған әріптестеріме жалпы қоғамдық тақырыптарда бірлесе жұмыс істеуге болатыны жайында ой тастадым. Мәселен, маған Жібек жолы тақырыбы аса қызықты. Бастамам қолдау тауып, 2013 жылдан бері көптеген іс тындырылды. Мен көшпенділер ұрпағы ретінде осындай жұмыстар арқылы Шығыс пен Батысты қосатын көпір салғым келеді. 

Автор бұл туындысын жобаға аттас Жібек есімді қызға балап отыр. Көне сауда жолымен осы бағалы мата Қытайдан Орталық Азия аумағымен Таяу Шығысқа жеткізіліп келген. Ғали Мырзашевтің айтуынша, аңыз бұрын-соңды айтылмаған жаңа сюжетпен көрерменге жол тартпақ. Онда қаһарлы айдаһардың мейірімділік танытып, сұлу қызқа деген адал достығы баяндалады. Мультипликатордың әріптестері еңбектің өміршеңдігін жоғары бағалап отыр. Бұл – мемлекеттік қолдаусыз жүзеге асырылып жатқан алғашқы халықаралық ірі жоба болмақ. Қазір анимациялық фильмге демеу жасайтын инвесторлар қарастырылуда.  Картинаның продюсерлік құқығы француз мамандарға беріліп отыр.

РАМИЛЬ УСМАНОВ, РЕЖИССЕР, СУРЕТШІ:

 - Біз негізі өндіріс барысында табыс тауып жатырмыз. Алайда филімді сату мен прокат барысында пайда тапқан жөн болар еді. Автор қазір осы бағытта жұмыс жасап жатыр. Еңбегі зая кетпейтініне сенімдімін. Болашақта кино нарығында үлкен сұранысқа ие болатын туынды шығаратынымызға сенім мол.

Ғали Мырзашевтің шығармашылық қорында Қазақстанның мәдениет министірлігінің тапсырысымен жасалған бірқатар фильм бар. Еңбектерінің ішінде «Байқоңыр», «Көксерек» сынды аса табысты жұмыстарын атап өтуге болады. Автор жұмыстарының басты сыншысы – балалары. 

РАУШАН МЫРЗАШЕВА,  ҚЫЗЫ:

 - Әкем өз туындыларының табыстылығын әпкем екеуіміздің пікірімізге сай бағалайды. Жібек Жолы туралы айтылатын жаңа жоба негізінен халықаралық сипатқа ие.  Біз әпкемізбен оны шет тілдерге аударуға қатысып, сәл де болса үлесімізді қосуға тырсытық. 

Ғали Мырзашев тек дарынды мултипликатор ретінде ғана танылып жүрген жоқ. Оның қылқалам тербеген картиналары көптеген халықаралық көрмелердің төрінен орын теуіп жүр. Суретші «Жібек Жолы аңызы» атты мультфильмі де көрермен көзайымына айналатынына нық сенімді.