Украинада «Қазақ биі» деректі фильмінің премьерасы өтті

Қазақ халқының би мәдениетінің тарихы Киевте. Украинадағы Қазақстан елшілігінің ұйымдастыруымен Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» түсірген «Қазақтың биі» деректі фильмінің көпшілікке таныстырылымы өтті. Өткен ғасырдың 30-шы, 50-ші және 80-ші жылдарындағы құнды деректермен қамтылған кинокартинаны Анвара Садықова мен Ғазиз Насыров түсірген. Бір сағаттық кинотуындыда жас балерина Жанель Ұланова қазақ биін көркем суреттейді. Картинадағы құнды деректер, төл өнердің бастау, даму жылдары мемлекеттік және жеке бейнеқордан алынған.  

АРНҰР ТАҢБАЙ, ҚР УКРАИНАДАҒЫ ЕЛШІЛІГІНІҢ КЕҢЕСШІСІ:

 - Бұл қазақ халқының ұлттық би өнерінің даму тарихы туралы, оның негізгі өзекті жерлерін көрсететін деректі фильм осы Украина елінде көрсетілуі – жалпы Қазақстан мен Украина арасындағы мәдени гуманитарлық ынтамақтастықты арттыруға серпін береді. Сонымен қатар бұл "Рухани жаңғыру" бағдарламасының шеңберінде ұйымдастырылып жатқан іс шара.

ҒАЗИЗ НАСЫРОВ, «ҚАЗАҚ БИІ» ФИЛЬМІНІҢ РЕЖИССЕРІ:

 - Анвара Садықова деген менің соорежиссерім бар. Сол кісі қазақтың би тарихын зерттеген адам. Телевидениеге бірнеше бағдарлама, кино жасаған. Оның көптеген материал жинағы бар екен. Сол кісінің жинағы және біздің Мемлекеттік архивтің жинағы бар. Кейін ұғалімдер, тәрбиешілер, педагог, хореографтар болып бірлесіп, қазақтың би тарихын, тұлғаларын сол материалды жнап, фильм жасадық.

Қасиетті өнерді шырқау шегіне жеткізе білген қазақ би өнерінің ханшайымы Шара Жиенқұлова мен қазақтың тұңғыш балеринасы Нұрсұлу Тапалованың еңбектері кинокартинада көрініс табады. Сонымен қатар, 1939 жылы ұлттық бидің алғашқы ансамблін құрған Әубәкір Ысмайыловтың бейнесі деректі фильмнің ажарын аша түседі.

ГҮЛМИРА ЕРМАХАМБЕТОВА, ӘНШІ:

 - Киев қаласында қазақ биі турады "Қазақфильм" түсірген киноның тұсаукесері болып жатыр. Бұл деректі фильмді көруге сондай ықыласпен келдім. Қазақ биі - біздің қазақ қыздарының өмірі десем болады.

Фильм Астана, Алматы, Қызылорда, Семей, Шымкент қалаларында түсірілген. Туынды ұлан-асыр қазақ елінің әсем табиғатын, кең далада ұшқан қыранды, көсіле шапқан тайбурылды, таудан аққан ағын суды, жайқала өскен қызғалдақты көз алдыңызға келтіретін қазақ биінің құдіретін паш етеді.