Қазақстан тарихының беймәлім тұстары «Көшбасшы жолы. Әлемнің эпицентрі» киноэпопеясында көрсетіледі

Қазақстан тарихының беймәлім тұстары «Көшбасшы жолы. Әлемнің эпицентрі» киноэпопеясында көрсетіледі. Елбасы туралы киноның алтыншы бөлімінің бас режиссері – Ақан Сатаев. Аталмыш кинотуынды жас Астананың дамуына арналған. Фильм 1994 жылдан бастап бүгінгі күнге дейінгі уақытты қамтиды. Осыған дейін киноэпопеяның жұмыстары Алматыда өтсе, бүгінде Елордада түсірілім жұмыстары қызып жатыр. Шығармашылық топ қазіргі Тұңғыш Президент музейі, бұрынғы алғашқы мемлекет басшысы резеденциясында жұмыс істеп жатыр. Эпизод Қазақстан астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіруге, оның құрылысына арналған. 

АҚАН САТАЕВ, ФИЛЬМ РЕЖИССЕРІ:

 - Мұнда маңызды локация көп. Ал сценарийдің авторы – президент аппаратының жетекшісі Әділбек Рыскелдіұлы Жақсыбеков.

Фильм түсіру барысында сол жылдардағы атмосфераны қалпына келтіруге тура келді. Түсірілімге Мемлекет басшысының кабинеті, қабылдау бөлмесі мен маңызды шешімдер қабылдаған мәжіліс залы пайдаланылды. Елбасымен қызметтес болған азаматтар шығармашылқ топқа кеңесші ретінде қызмет көрсетіп жатыр.

ІЛИЯС САЙМАСОВ, ЖОБА КЕҢЕСШІСІ:

 - Мен Президенттің Күзет қызметінде болып, Елбасымен тікелей жұмыс істедім. Көшбасшысына жақын жүрдім, өмірінің тек ресми бөлігінде ғана емес, шынайы өмірінде де одан алыс болмадым.

Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлін актер Мұрат Ахманов сомдайды. Сонымен қатар, шығармашылық топта Еркебұлан Дайыров пен Жан Байжанбаев, тағы басқа танымал актерлар бар. Олардың бет-әлпетінің сомдап жатқан кейіпкерлеріне дәл келуіне «Оскар» сыйлығының иегері Марк Кульер жауапты. Маман бұрындары Маргарет Тэтчер, Уинстон Черчилль сынды саяси тұлғалардың бейнесін келтірген.

МАРК КУЛЬЕР, ГРИМЕР:

 - Бұл күрделі процесс. Мұрат пен Мемлекет басшысы ұқсайды, бірақ қосымша грим де керек. Алдымен, актердің бетінің көшірме бейнесі жасалды. Одан кейін көп мөлшерде грим қолданып, көшбасшының түрін максималды түрді ұқсатуға тырыстық.  

«Көшбасшы жолы. Әлемнің эпицентрінде» киноэпопеясының премьерасы осы жылдың соңында болады.