Орталық Азия елдері мәдениетаралық байланысты нығайту мақсатында арнайы кинофестиваль ұйымдастырды. Байқау киноиндустрия саласындағы ынтымақтастықты нығайтып, кинематографистер мен сценаристер, актерлер арасында шығармашылық тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді. «Қырғызстан – қысқаметражды фильмдер мекені» атты жетінші Халықаралық кинофестивальге отандық режиссерлер «Қазақфильмде» түсірілген бес қысқаметражды фильмді апарып, көпшілік назарына ұсынды. Фестивальде кино саласына енді ғана қадам басқан дебютанттардың да картиналары қойылған болатын. Олардың жұмысы мамандардың қызу талқысына түсті.     

ҚАНАТ ТӨРЕБАЙ, КИНОПРОДЮСЕР:

 - Қысқаметражды фильмдердің  басты мақсаты - адамдарға  аз уақыттың ішінде, көптеген ақпараттар алуға үйрету. Және режиссер сынды шығармашылық адам үшін, бұл әлемге өз ойын анық жеткізе алатын өте жақсы әдістердің бірі.

Фестивальге қатысушылар арасында бәсекелестік жоғары. Биыл шет елдік және отандық кинематографистер тарапынан екі жүзден аса өтініш келіп түскен. Сонымен қатар, іс-шараның иелері әділқазылар алқасының талқысына 15 жұмыс ұсынды. Байқаудың іріктеу туры ойын, деректі фильм, анимациялық және эксперименттік кино секілді жанрларда жүргізілді. Ал қазылар алқасының құрамына Қырғызстан, Қазақстан, Ресей, Грузия мен Армения елдерінің режиссерлері кірді. Олар кинокартиналарды «Үздік фильм», «Үздік режиссер», «Қазылардың арнайы жүлдесі», «Көрермен көзайымы» атты төрт атау бойынша таңдады.

ФАРХАТ БЕКМАНБЕТОВ, КИНОФЕСТИВАЛЬ ДИРЕКТОРЫ:

 - Ресейлік кинотанушы және кино тарихшысы Сергей Землянухинның төрағалығымен, фестивальға ұсынылған туындыларды кинорежиссер және сценарист Эрнест Абдыжапаров, кинопродюсер Анар Қашағанова, кинорежиссер және сценарист Нана Джанелидзе, кинооператор Арто Хачатурян бағалайтын болады.

Мамандардың айтуынша, қысқаметражды фильм уақытпен өзіндік үйлесім таба алатындығымен ерекшеленеді. Ол киноиндустрия саласындағы барлық тенденциялары мен техникасы жылдам өзгеретін жанр. Содан болар бұл форматтағы фильмдер халықаралық жарыстарда үздік бағаланып, көрермендер арасында әрдайым танымалдылыққа ие болады. Ал мұндай жобаларды жасаушы топтың тәжірибесі ылғи да  жоғары болып келеді. Айта кетейік, «Қырғызстан – қысқаметражды кино мекені» Халықаралық фестивалі Шыңғыс Айтматовтың туған күніне орай ұйымдастырылды. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер