АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында Қазақстанның Мәдениет және кино күндері өтті. Еліміздің мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы бастаған делегация Голливудтың танымал кинокомпанияларының басшыларымен кездесіп, бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылады.

РИЧАРД СМОТКИН, СOMCAST/ NBCUNIVERSAL БАС КЕҢЕСШІСІ:

 - Біз өзге елдермен тығыз байланыс орнатуға әрқашанда дайынбыз. Киноиндустрия бұл ең қарқынды дамушы саланың бірі. Юниверсал студиясы жаңа әріптестерге мүдделі. Ал Қазақстанды әлеуеті зор серіктес деп білеміз.

АРЫСТАНБЕК МҰХАМЕДИҰЛЫ, ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРІ:

 - Біз халықаралық компаниялардың тәжірибесін пайдалануымыз керек және ірі бірлестіктердің өз үздік туындыларын Қазақстанға келіп түсіргенін қалаймыз. Бұл, ең алдымен, инвестиция.  Біз озық технологияны үйреніп, игереміз. Сондай-ақ, Қазақфильм студиясының мүмкіндіктерін кеңейтуді көздейміз.

Беверли-Хиллстегі танымал өнер ордасы – «Сабан» театры қазақстандық өнерпаздарға есігін айқара ашты. Тарихи залды Қазақстанның «Ұлы дала рухы» деп аталатын ұлттық-мәдени бағдарламасының тұсаукесері түрлендіре түсті. Кеш Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жол» атты көркем фильмімен ашылды. Бұл картинада бір отбасы арқылы барлық халықтың тағдыры мен тарихы бейнеленген. Тың туынды халықаралық деңгейде жоғары бағаланды.  

ДЖОН МАЛКОВИЧ, АМЕРИКАЛЫҚ АКТЕР:

 - Мен қазақстандық киноиндустрияның қайраткерлерімен бұдан 6 жыл бұрын Алматыда кездестім. Осы жазда Астанадағы кинофестивальда болдым. Мәдениетіміз, тіліміз бен  тарихымыз әр алуан. Алайда, америкалық көрермен үшін бұл жаңа кино. Сіздердің  көшпенділер туралы тарихи туындыларыңыз таңдай қақтырады.

Сондай-ақ, америкалық көрермендер режиссер Сұлтан-Ахмет Ходжиковтің «Қыз Жібек», Рүстем Абдрашевтың «Балалық шағымның аспаны» және «Қазақ хандығы. Алмас қылыш» фильмдерін қазақ тілінде ағылшын субтитрімен тамашалады.

ГАЛИНА КАЛАШНИКОВА, ГОЛЛИВУД ЖАНЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖУРНАЛИСТЕР ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ӨКІЛІ:

 - Барлығы кәсіби деңгейде түсірілген картиналар. Сценарийден бастап, актерлердің ойыны мен жасалған гримге дейін. Керемет кинематографиялық туындылар. Шабыт дегеніміз бір бөлек. Ал жоғары нәтижеге жете білу көп еңбекті қажет етеді. Бұл жерде қазақстандық кинематографты құттықтағым келеді.

Қазақстанның мәдениет және кино күндерінің ашылуы Халық артисі Айман Мұсақожаева, халықаралық конкурстардың лауреаты Еділ Құсайынов және Қазақ ұлттық өнер университеті Еуразиялық Симфониялық оркестрі мен  «Шабыт», «Айгөлек» ансамбльдерінің қатысумен өткен гала-концертпен аяқталды.

АЙМАН МҰСАҚОЖАЕВА, ҰЛТТЫҚ КИНЕМАТОГРАФИЯЛЫҚ ӨНЕР АКАДЕМИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Біз бүгін Қазақстан киносын ғана емес, ел тарихын да таныстырдық. Шетелдік көрерменге Президентіміз жариялаған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы туралы баяндадық. Олар аса қызығушылықпен тамашалады. Бүгінгі кеште Қазақ мемлекеттік өнер университетінің студенттері, домбырашы, скрипкашыларымыз концерт берді. MTV Music Awards сыйлығының жеңімпазы Димаш Құдайберген де қызыл кілеммен жүріп өтті.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру аясындағы қазақ мәдениетінің тұсаукесері ел мерейін асырып, әлемнің үздік сахналарында жалғасын табатын болады. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер