«Шевченко – қазақ даласындағы данышпан». Киевте Украинаның ұлы ақыны әрі суретшісі Тарас Шевченко туралы фильмнің тұсаукесер көрсетілімі өтті. Бұл – екі елдің бірлескен жобасы. Тарас Шевченконың есімі қос халық достығының нышанына айналғаны белгілі. Ұлы ақын, суретші, этнографты Украинаның қазақ жеріндегі алғашқы елшісі деп де атайды. Ол саналы ғұмырының 10 жылын Қазақстан, оның ішінде Маңғыстау, Арал, Қаратау өңірлерінде өткізген. Осы кезеңде қазақ даласының табиғаты бейнеленген 500-ге жуық сурет салған. Сол туындылары, прозалық шығармалары мен өлеңдері қазақтың тұрмысымен сабақтас.

ВАСИЛЬ КРЕМЕНЬ, УКРАИНА ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ҒЫЛЫМДАР АКАДЕМИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

 - Қазақстанда өткізген кезе салған еңбектері мені қатты тебірентті. Ол туындылар украина мен қазақ халықтары үшін бірдей қымбат. Өйткені онда көбінесе қазақ халқының сол кездегі ауыр тұрмысы бейнеленген. 19-шы ғасырдың соңы мен 20-шы ғасырдың басындағы, отызыншы, елуінші және алпысыншы жылдардағы украиндардың Қазақстанға эмиграциясы – осының бәрін Шевченконың Қазақстанда өмірге әкелген еңбектерінде көрініс тапты.

Режиссер  Евгений Козак фильмде мәтінді емес, айрықша визуалдық шешімдерді қолдана отырып, домбыра мен қобыздың үйлесімді үндесуі арқылы рухани атмосфера мен эмоцияны жеткізе білген. Шевченко еңбектерінен қазақ халқының еңбекқорлығы, ақындығы, қарапайымдылығы байқалады. КобзАрь туындыларына қарап, оның осыдан екі жүз жыл бұрынғы сезімдерін сезінесіз.

ЕВГЕНИЙ КОЗАК, «ШЕВЧЕНКО – ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНДАҒЫ ДАНЫШПАН» ФИЛЬМІНІҢ РЕЖИССЕРІ:

 - Бастапқыда кішкентай кітапша шығару жоспарда болған. Кейіннен кітап басу көзделді. Құнды мәліметке толы үлкен жинаққа татитын дүниелер жиналды. Ақыры бір деректі фильмге арқау болатын, алтын қордан алынған құнды ақпараттар табылды. Қазақстанның Украинадағы елшілігі осы фильмнің жарыққа шығуына мұрындық болды. Көпшілікке ұнаған сияқты, демек картинаның келесі бөлімін көріп қалуларының әбден мүмкін.

Бұл фильмді Украинаның мектеп оқушылары мен студенттеріне көрсету керек деп есептейді тарихшылар. Осылайша, жастар екі халықтың ғасырларға жалғасқан достығы туралы білетін болады. Ақынның шығармалары әлемнің 150 тіліне аударылған, бірқатар туындысы қазақ тілінде жарық көрген. Ғибратты ғұмыр кешкен Тарас Шевченко қос елдің мәдени көпіріне айналғаны аян. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер