Түркия астанасы Анкарада қазақ киносының апталығы ұйымдастырылды. Оның аясында көрерменге белгілі қазақстандық режиссер Ермек Тұрсыновтың фильмдері көрсетіледі. Алғашқы күні түрік жұртшылығы Эрнест Хэмингуэйдің «Шал мен теңіз» повесінің желісі бойынша түсірілген «Шал» фильмін тамашалады. Мәдени шара Қазақстан мен Түркияның дипломатиялық қарым-қатынасына 25 жыл толуына орай өткізіліп отыр.  Киноапталыққа келе алмаған түркиялықтар Ермек Тұрсыновтың фильмдерін алда ТРТ Аваз телеарнасынан көре алады.

ЕРМЕК ТҰРСЫНОВ, РЕЖИССЕР:

 - Менің негізгі тақырыптарым: тарих, философия, адам мен Құдай, адамның бір-бірімен ара қатынасы, біздің ертегілеріміз, біздің мифология, аңыздарымыз. Түріктерде де осындай нәрселер көп қой. Мәдениетіміз бір. Сондықтан бір-бірімізге ұқсас жолдар өте көп. Бұларға менің сюжеттерім бөтен емес шығар деп ойлаймын.

ЭШИМ ЯНЫК, КӨРЕРМЕН:

 - Екі елдің мәдениет аралық байланыстарын жоғары бағалаймын. Өйткені бүгін біз көрген фильм Қазақстанның кең байтақ жерінде түсірілсе де, оқиға желісі тұп-тура біздің ауылдарды, ондағы жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігін айшықтап беріп тұрғандай. Шалдың қайсарлығына тәнті болып, ерекше әсерленіп отырмын. Фильм көңілімнен шықты.

Қазақстандық киногерлер шетелдік әріптестерімен де ынтымақтастық орнатып, бірлескен жобаларды іске асыруда. Мысалы, Қытайдың Яньан қаласында қазір «Композитор» туындысы түсіріліп жатыр. Картина Бақытжан Байқадамов пен Сянь Синхай арасындағы достыққа арналған. 1940- жылы Қытай Орталық Комитеті сазгер Сянь Синхайды Совет Одағына музыка зерттеуге жібереді. Алайда соғыс басталып кетіп, композитор еліне қайта алмай Алматыда қалып қояды. Сырқатқа шалдығып, аштыққа ұрынған қытайлық композиторға Бақытжан Байқадамов пана болып, қол ұшын созады. Фильмнің кіріспесі Қазақстанда түсірілген. Басты рөлдерде Берік Айтжанов, Алтынай Нөгербек ойнайды.

ШЭНЬ ЦЗИЯН, «КОМПОЗИТОР» ФИЛЬМІНІҢ ПРОДЮСЕРІ:

 - Қытайлық басты кейіпкер Сянь Синхайды танымал актер Ху Чжунь сомдайды. Ол композитор отбасында туып-өскендіктен сазгердің жан дүниесін жақсы түсінеді деп ойлаймын. Қытай xалқы достықты қадірлей біледі. Сондықтан біздің ардагер композиторға қазақ досының көмектесуі xалықтар арасында жылы сезім тудырады, ризашылықпен қарауына сеп болады.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер