Қазақстандық режиссер Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жол» фильмі халықаралық «Оскар» сыйлығына ұсынылды. Үздік картина «Ұлттық кинематографиялық өнер және ғылым академиясының» «Тұлпар» сыйлығын жеңіп алды. Биылғы байқауға отандық фильмдерден бөлек, шетелдік кинотуындылар да қатысқан. Бұл шара ауқымының кеңейе бастағанын көрсетеді, - дейді ұйымдастырушылар.

РҮСТЕМ ӘБДІРАШЕВ, КИНОРЕЖИССЕР:

 - Өз елімізде осындай шараның өтіп жатқаны шындап айтсақ, бірінші рет. Өйткені өзіңнің кинода істейтін ұжымдас кәсіби мамандардың беріп жатқан бағасы шынында да адамды қандай болады екен деп алаңдатады. Көңіліміз толқып тұр.

АСАНӘЛІ ӘШІМОВ, ҚР МЕМЛЕКЕТТІК СЫЙЛЫҒЫНЫҢ ЛАУРЕАТЫ, АКТЕР:

 - Кино қайраткерлеріне бүгінгі кеш – мейрам. Жақсыларына премия береміз. Бұған өзі әр кинематографист әр уақытта осы «Тұлпарды алуға ұмтылу керек. Бұл – Қазақстанның көлемінде үлкен премия.

Бұл жолғы байқаудағы аталымдар саны артқан. Былтыр сегіз аталым бойынша үздіктер анықталса, биыл «Үздік шетелдік фильм» марапаты қосылыпты. Ұлттық «Тұлпар» сыйлығында бірнеше марапат бойынша жүлделі атанған фильмдер арасында Рүстем Әбдірашевтың «Қазақ хандығы: Алмас қылыш», Ақан Сатаевтың «Аудандар» картинасы бар. Ал, нәубет жылдарын бейнелейтін «Анаға апарар жол» фильмі байқауда топ жарды.

АҚАН САТАЕВ, КИНОРЕЖИССЕР:

 - Шынымды айтсам, аздап ыңғайсызданып тұрмын. Көп рахмет. Бұл біз үшін үлкен баға. Сенім артқандарыңызға алғыс айтамын. Осы сала мамандарының бағалауы біздің қуанышымызды еселей түсті.

СМАҒҰЛ ЕЛУБАЙ, ЖАЗУШЫ, КИНОСЦЕНАРИСТ:

 - Көрермендердің бәрі де бірауыздан «Алмас қылышты» бұл өте мықты патриоттық фильм деп қабылдады. Қазақ кино академиясы «Тұлпар» атты сыйлығын осы фильмді жасаушыларға  беріп жатыр. Бұларға рахмет дегім келеді.

Кинотуындылар академия мүшелерінің жабық дауыс беруі арқылы сараланды. «Үздік шетелдік фильм» аталымын қырғызстандық «Анамды іздеймін» фильмі иеленді.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер