Жыл сайын елордада өткізіліп келе жатқан «Еуразия» халықаралық кинофестивалі көптеген кинотуындылардың әлемге танылуына сеп болды. Байқауға қатысқан әзербайжандық кинематографистердің санауынша, бұл фестиваль әрбір картинаның тағдырына елеулі септігін тигізіп отыр.

АСИФ РУСТАМОВ, РЕЖИССЕР, «ЕВРАЗИЯ» КИНОФЕСТИВАЛІНІҢ ҚАЗЫЛАР АЛҚАСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

- Әдетте осы кинофестивальдан кейін біз өзге байқауларға шақыру алып жатамыз. Бәрі біздің картинаны «Еуразия» киношарасынан көргенін жарыса айтып жатыр. Осы орайда, бұл фестиваль Азия мен Кавказ туындылары үшін маңызды тұғырнама іспетті. Байқаудың әлемдегі беделі артып келеді.

Әзербайжандық киножасаушылар Астанаға «Анар бағы» атты картинаны әкеліп, «Үздік ер адам ролі» аталымында арнайы марапатқа ие болды. Осылайша, туынды ішінде басты кейіпкерді сомдаған Гурбан Исмаиловтың жетістігі биыл Қазақстаннан бастау алды.

ГУРБАН ИСМАИЛОВ, АКТЕР:

- Биыл Қазақстан менің актерлік мансабыма ерекше ықпалын тигізді. Еуразия кинофестиваліне шамамен бір жарым ай уақыт қалғанда біз театр құрамымен Астана сахнасында өнер көрсеткенбіз. Артынша өзге өңірлерден де ұсыныстар түсті. Содан кейін мен Еуразиялық кинобайқауда «Анар бағы» фильмімен «Үздік ер адам ролі» атағын алдым. Менің өнерімді жоғары бағалаған Қазақстан еліне, халқына ризамын.

13-ші Халықаралық кинофестиваль шеңберінде алғаш рет ТМД, Еуропа, АҚШ, Қытай, Үндістан және Оңтүстік Корея елдерінен фильмдерді сатып алушылар мен контент иелерінің, дистрибьюторлардың қатысуымен Еуразиялық кинонарық өткенін атап көрсету қажет.

СЕРГЕЙ ДВОРЦЕВОЙ, КИНОРЕЖИССЕР /РЕСЕЙ/

- Кинофестивальде кинонарықтың болуы маңызды міндет. Онсыз фестиваль толыққанды болмайды. Өйткені кинонарық шараға тәжірибелі мамандарды, кәсіпқойларды шақыруға мүмкіндік береді. Ал фестивальдің өзіне келетін болсақ, ол жылдан жылға дамып келеді. Және оған кино саласындағы атақты тұлғалардың келуі оның халықаралық дәрежеде мойындалғанын көрсетеді.  

Шетелдік мамандар Қазақстанда кино өнеріне мемлекеттік деңгейде қолдау көрсетіліп отырғанына куә болғандарын айтады. Және қазақ киносының әлі де болма әлемге танылатынына сенімді.

СУЛЕЙМАН СИССЕ, КИНОРЕЖИССЕР /МАЛИ/:

- Қазақстан кинематографистерінің бағындырар белестері әлі алда деп ойлаймын. Сіздің кинода мәдениет, тарихпен сабақтастық басым. Мен бірнеше қазақстандық фильмді тамашаладым. Қатты ұнады. Мен алдағы уақытта қазақстандық режиссерлар әлемге жаңаша кино сыйлайтынына сенімдімін.

Бүгінде қазақстандық кинотуындылар әлемнің үздік алаңдарында көрсетіліп жүр. Биыл өткен 70-ші Канн фестивалінде еліміздің павильоны жұмыс істеді. «Village International» кинонарығында отандық киноиндустрия таныстырылды. Бұл қазақстандық киноөндірушілер, кинопрокат ұйымдастырушылар үшін өз жобаларын көрсетіп, әріптестер тауып, ынтымақтастық орнатуға мүмкіндік берді. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер