Әлемдік кинематограф жұлдыздары Астанаға жиналды. Арқа төрінде киномейрам феноменіне айналған «Еуразия» халықаралық кинофестивалінің шымылдығы 13-ші рет түрілді. Дәстүрлі шараға киноөндіріс саласының саңлақтары – атақты актерлер, режиссерлер, сыншылар келді. Кинофестиваль көрсетіліміне алыс және жақын шетелде және Қазақстанда түсірілген 300-ге тарта фильм енді. Олардың ішінен іріктеліп алынған 100-ден астам кинотуынды негізгі қорытынды сынға қатысады. Бәйгеде көш бастаған 14 фильмнің әлемдік премьерасы, ал 11-нің азиялық тұсаукесері өтпек.

 

АЙМАН МҰСАҚОЖАЕВА, «ЕУРАЗИЯ» КИНОФЕСТИВАЛІНІҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Бұл кинофорумды болашақта Канн фестивалі секілді әлемдік деңгейде өткізсек пе деген арман бар. Еуразия фестивалінің арқасында Астананың атын шығарып, оны әлемге әйгілейтін мүмкіндік туатын еді. Қаншама белгілі жұлдыздар Қазақстанға келеді.

 

Еліміздің мәдени өміріндегі айтулы оқиғаға айналған фестивальге қатысу үшін «Оскар» сыйлығының иегерлері Николас Кейдж, Эдриан Броуди мен Джон Малкович Астанаға арнайы ат басын бұрып, байқаудың көркін аша түсті.  Сондай-ақ, АҚШ, Ресей, Қытай, Үндістан, Франция, Австрия, Грузия сынды бірқатар елдердің танымал актерлері, режиссерлері мен киносыншылары қатысты.

 

ЭДРИАН БРОУДИ, АКТЕР /АҚШ/:

 - Мен Густав Малердің нөмірі 8-ші симфониясына арналған концертіне қатысып, қазақстандық музыканттардың керемет өнеріне тәнті болдым. Концертке жетекшілік еткен Алан Бөрібаевтің дарыны шабыттандырып, енді дирижердің рөлін сомдасам деймін. Сондай-ақ, жергілікті кинөндіріс мамандары көшпенділер жайлы тарихи  кинотуынды түсіретін болса, ойланбастан қатысар едім.

 

НИКОЛАС КЕЙДЖ, АКТЕР /АҚШ/:

 - Мен дәл осы жерде тұрғаныма қуаныштымын. Мүмкіндікті пайдаланып, қазақ мәдениетін танығым келеді. Саяхаттаған жерлерімнің тарихы қатты қызықтырады. Орайы келіп ұсыныс түссе, жергілікті киноға түсуден де бас тартпаймын.  Кино – коммуникацияның әмбебап тілі. Бұл өнер арқылы бүкіл әлемге тарихты тарқата аламыз. Өз әсерлерімізбен бөлісіп, бір-бірімізді түсінісе аламыз. Киноның арқасында мәдени тосқауылдарды еңсеруге болады.

 

Кеш шымылдығы қазақ кино өнерінің төлқұжатына айналып, алтын қорына енген «Қыз Жібек» көркем фильмімен ашылды. Салтанатты шарада үздік өнер ұжымдары қонақтардың көңілін аулап, әсем бағдарлама ұсынды. Бибігүл Төлегенова мен Құман Тастанбек, Меруерт Өтекешовалар кинобайқаудың ұйымдастыру комитеті тағайындаған «Кинематография өнеріне қосқан үлесі үшін» атты арнайы сыйлыққа ие болды. Бұдан бөлек, көрермен назарына тағы бірнеше бағдарлама аясында түрлі жанрдағы фильмдер ұсынылмақ. Атап айтар болсақ, «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясымен бірігіп ұйымдастырған «6 плаза» дамушы мемлекеттер бағдарламасына 66 ел қатысып, ең үздік фильмдер анықталмақ.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер