Елордада Еуропа киносының фестивалі өтті. Үш күн ішінде қазақтандықтарға сыншылар мен көрерменнің оң пікіріне ие болған 13 картина көрсетілді. Солардың қатарында «Шет тіліндегі ең үздік фильм» аталымы бойынша «Оскар» жүлдесін иеленген чехиялық режиссердің «Менің орталық ауылым» картинасы, Еуропа киноакадемиясының жүлдегері «Кішкентай арал» атты испан фильмі бар. Ал кинокөрсетілімнің соңғы күні қазақ-неміс мамандары бірігіп түсірген «Ертең теңіз» деректі фильмі көпшілік назарына ұсынылды. Туынды Арал теңізін жағалай қоныстанған тұрғындардың өмірі туралы баяндайды.

 

ТРАЯН ХРИСТЕА, ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЕУРООДАҚ ӨКІЛДІГІНІҢ БАСШЫСЫ:

– Бұл фильм – Қазақстан мен Еуроодаққа мүше елдер арасында кинематографиялық байланыс бар екенінің дәлелі. Соны ары қарай дамыта түсу керек. Бірқатар елде қазақ киносының фестивалін ұйымдастырғанын білемін. Мәселен, өткен жылы Румынияда «Франкофония» аясында қазақстандық кино өнімдер көрсетіліп, көрермендердің ықыласына бөленген болатын.

 

Еуропа киносының күндері Астанада қатарынан екінші жыл өткізілуде. Фестивальге киносыншылар жоғары баға беруде. Ұйымдастырушылар репертуар таңдауға салғырт қарамайды. Олардың басты мақсаты – көрсетілімнен соң көрерменге қандай да бір ой қалдыру.

 

САУАЛНАМА:

- Еуропада киноиндустрия жақсы дамыған. Мен бүгін бірінші көрсетілімге келдім. Фильм семсерлесу өнерінің шеберіне арналған. Жігерлі, мақсаттары айқын, өмірді жақсы көретін, кеңестік заманда өмір сүрген жас жігіттің өмірін баяндайды. Маған өте қатты ұнады.

- Мен Еуропа киноларын олардың мағыналылығы үшін жақсы көремін. Шынайы. Фильм аяқталғанда қандай да бір ойлар келеді. Тіпті өміріңе сабақ болады. Фестивальге келгеніме қуаныштымын. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер