Франция Қазақстанмен бірлесіп көркем және деректі фильмдер түсіру ісін қолға алуды көздеп отыр. Бұл жөнінде елімізге жұмыс сапарымен келген Франция киноөндірісінің майталмандары мәлімдеді. Меймандар талай адамның шабытын оятып, көптеген  туындыға арқау болып жүрген  қазақтың кең байтақ даласы мен әсем табиғаты қызықтыратынын жасырмады. Қазір тараптар осы төңіректе өзара ойларымен бөлісіп, келіссөздер жүргізіп жатыр. 

 

ЖИЛЬ РЕНУАР, UNIFRANCE ҰЙЫМЫ БАС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ /ФРАНЦИЯ/:

– Қазақстанның табиғаты өте керемет, көздің жауын алады. Жақында біз «Сібір ормандарында» филімін жарыққа шығардық. Сол тектес кинотуындыларды Қазақстанда түсіргіміз келеді. Жоспар бар. Бірақ әлі сырын ашу ертерек. Ол үшін ұйымдастыру мен келісімдер сынды бірқатар мәселенің басын қайырып алу керек. Сондай-ақ біздің продюсерлеріміз Қазақстан киноөндірісі саласына инвестиция құюға ынталы. ниет танытып отыр.  

 

ФРАНСИС ЕТЬЕН, ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ФРАНЦИЯ ЕЛШІСІ:

 - Кино мәдени байланыстың  негізгі бағыттарының бірі десем қателеспеймін. Бұл өнер көпшілікке аса қызықты. Бұны қазақстанда жыл сайын өтетін Франция киносының фестивальдері аңғартып отыр. ЕХРО қарсаңында тағы бірқатар көрмелер конференциялар және әрине жергілікті халықтың оң бағасын алып жүрген кинобайқаулар өткіземіз.  

 

Ал француз көрерменге қазақстандық фильмдер Везуль қаласында өтіп тұратын халықаралық кинофестиваль арқылы жақсы таныс. Бұл байқау Азия елдерінің тың туындыларын әлемге танытатын бірден-бір алаң саналады. Мәселен, өткен жылы «Жаңғақ тал» атты отандық өнім фестивальдің екі бірдей жүлдесін иемденген.  

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер