«Құнанбай» фильмі Бейжің 7-ші халықаралық кинофестивалінде көрсетілді. Қазақстандық туынды «Жібек жолындағы үздік картина» бағдарламасында ұсынылды. Ағылшын және қытай тілдерінде субтитрі бар туындыны тамашалауға келген жұрт көп.

Хакім Абайдың әкесі Құнанбай Өскенбайұлының өмірі жайлы тарихи туынды прокатқа 2015-ші жылы шықты. Бұл фильм Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың және Мемлекет тарапынан да жоғары бағасын алған. Енді міне Қытайдағы қалың көрерменге ұсынылып отыр. «Құнанбай» бұған дейін де халықаралық фестивальге қатысып Уфада «Ұлттық рух» жүлдесін иеленген.

 

ДОСХАН ЖОЛЖАҚСЫНОВ, ҚР ХАЛЫҚ АРТИСІ:

 - Бұл негізгі фестивалдің ішінде «Жібек жолы» деген тарихи киноларға арналған бөлімі бар екен. Біз соған қатысып жатырмыз. Енді алдағы уақыт көрсете жатар. Дейтұрғанмен осы жердегі біздің қандастарымызға үлкен оқиға болып жатқанын сезіп жатырмыз, бізді сол қуантады.

 

Сондай-ақ, Бейжің халықаралық кинофестивалінде тағы бір қазақстандық туынды ұсынылды. Ерлан Нұрмұхамбетовтың «Жаңғақ тал» фильмі «Панорама» бағдарламасына еніп отыр.

Қазақстандық режиссер Ерлан Нұрмұхамбетовтың картинасы бұған дейін Кореядағы Пусан фестивалінің жүлдесін иеленген болатын. «Жаңғақ тал» фильмі ауылдағы халықтың тұрмысын суреттейді.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер