Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы Әбіш Кекілбаевтың «Шыңырау» повесі желісі бойынша толықметрлі көркем фильм түсіруді қолға алды. Фильмнің дайындық жұмыстары басталып кетті. Қазір түсірілім тобы жасақталып, актерлерді іріктеу жұмыстары жүріп жатыр.  Фильмнің сценарий авторы әрі режиссері Жаңабек Жетіруов.

 

Түсірілімнің барлығы дерлік Маңғыстау облысында өтетін болады. Фильмде  Қарақия ойысы, Үстірт шоқысы және Каспий теңізі көрініс табады. Жуық арада режиссер өтпелі көріністерді түсіру үшін Ақтауға жол жүргелі отыр.

 

Жаңабек Жетіруов көптеген деректі фильмдердің және «Дүниежарық», «Аққыз» атты көркем суретті фильмдердің авторы.  Сондай-ақ, Жаңабек Жетіруов жазушы Әбіш Кекілбаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Самғау» деректі фильм түсірген. Фильм ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ жасалған.  

 

Әбіш Кекілбаевтың үздік туындыларының бірі «Шыңырауды» экрандау аса жауапкершілікті талап ететінін айта отырып, режиссер шығарма жайлы көзқарасымен бөлісті.

 

 Жаңабек Жетіруов, сценарий авторы әрі режиссері:

Аспаннан жұлдыз іздегеннен, жердің түбінен су іздеу қиынырақ шығар. Еңсеп әр құдықты қазу үшін жүз ойланып, мың толғанады. Үстіртте ғасырлар бойы құдық қазған  бабаларының ісін жалғастырушы оған сырттан келген Қалпақтың құдық қазып, аяқ астынан абыройға ие болуы, Еңсепті есеңгіретіп жібереді. Оның ендігі мақсаты Қалпақты жер ету. Ең терең құдық қазып тарихта атын қалдыру. Қалпақтың атын елдің есінен өшіру. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер