Атақты режиссер Абдолла Қарсақбаевтың туғанына 90 жыл толды. Қазақ кино өнеріне тыңнан сүрең салған ол өзінің аз ғана ғұмырында өшпес із қалдырды.

 

Оның кинодағы алғашқы қадамы «Алитет тауға кетіп барады» фильміндегі эпизодтық рольден басталған. Кейін режиссер мамандығын алып, 1963 жылы жарты әлемді шарлаған «Менің атым Қожа» фильмін түсіреді. Мұнда режиссер алғаш мультипликациялық тәсілді қолданады. Кейін оны ресейлік режиссерлар пайдалана бастапты. «Алпамыс мектепке барады» фильмі де көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

 

Дарига ТЛЕНДИЕВА, ЗАСЛУЖЕННАЯ АРТИСТКА РК:

Абдолла ағаның талабы өте күшті болатын. Шын жүрегіңмен беріліп жаңағы образға кірмесең ол кісі риза болмайды. Бір түсіреді. Бір дубль, екі дубль, үшеу, төртеу арықарай кете береді.

 

Қазақ балалар киносының атасы атанған Абдолла Қарсақбаев шытырман оқиғалы фильм де түсірді. Оның «Бандыны қуған Хамиті» 17 миллион көрермен жинаған. Сол рекорд әлі күнге дейін бұзылған жоқ. Отбасындағы 16-бала, ашаршылық пен соғыста бауырларынан айрылған Абдолла тарихи тақырыптарды да айналып өтпеді.  Оның «Балалық шаққа саяхаты» қазақ киносына неореализм жанрын алып келді. Ал, «Қилы кезең» фильмі 20-шы ғасырдың басындағы ащы шындықты көрсеткендіктен кеңестік цензураның қатаң сынына ілігеді.

 

Нұржұман ЫҚТЫМБАЕВ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ХАЛЫҚ ӘРТІСІ:

Абдолла ағаның рухани тамыры сондай тереңде жатыр. Қазақ халқының мінезінің сөлін сол тереңнен сорады. Ал ол кез келген режиссердің қолынан келмейді. Бұл кісі керемет оқыған адам. Оның қолынан кітап түспейтін.

 

Аз ғана ғұмырында Абдолла Қарсақбаев 8 фильм түсіріп үлгереді. Бұл фильмдер қазақ кино өнерінің алтын қорынан орын алды.

 

 

 

Сурет: old.abai.kz

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер