Жібектен кілем тоқу өнері

Бұл кілемдер үйге де, көңілге де жылу сыйлайды. Самарқанға келген адам осы  жерге ат басын бұрмай кетпейді. Өйткені мұнда жібек кілем жасаудың көне дәстүрі қайта жанданған. Бір қарағанда, қабырғадағы кілем көрмедегі картинадай көрінуі мүмкін. Расында да, өнер туындысы. Өйткені оған бейнеленетін суреттер асқан жауапкершілікпен таңдалады, тәптіштеп тоқылады. Негізінен Орта Азияның дәстүрлі нақыштары  қолданылады. Жіп, ілгек, тарақ, қайшы. Қолда осы құралдар мен шыдамдылық болса, кілем тоқуға кірісуге болады.

ГУЛНОЗ ШУКУРОВА, ФАБРИКА МЕНЕДЖЕРІ:

 - Қолмен кілем тоқу кезінде қосарланған түйін жасаймыз. Олар өте берік болады. Суреттегі әрбір шағын ғана тор бір түйін дегенді білдіреді. Қолмен тоқылатын кілемдерді дайындау әдісі осындай. 1 шаршы метрі 2 айдан 1,5 жылға дейін жасалынуы мүмкін. Бұл, әрине, жұмыстың күрделілігіне байланысты.

Қыздар бір минутта мұндай 40-45 түйін жасай алады. Гүлноз Шукурова кілем тоқушы емес, фабрика менеджері. Алайда кәсіпорындағы әр адам осылай отыра кетіп, кілем тоқи білуі тиіс. Жұмыс барысында қателік те кетіп жатады. Бір қызығы – мұндай бұйымдар әлдеқайда қымбат. Өйткені  бұл кілемнің қолдан жасалған туынды екенін дәлелдейді. 

ХОДЖИ СУАТ ТУРДИ БОАТХИСЫ, ФАБРИКА НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫЛАРДЫҢ БІРІ:

 - Бұл кілемдердің уақыт өте келе түсі шығып кетпейді. Және де  50 жылға кепілдік береміз. Бірнеше ұрпақ бойы жалғасып келген дәстүрді осыдан 25 жыл бұрын қайта жандандырдық. XIX ғасырдың соңында оны жасау технологиясы жоғалып кеткен болатын. Енді Самарқанд пен Хиуа сынды қалаларда қайта дамып келеді. Жылына шамамен 400-ге жуық кілем жасаймыз.

Бұл кәсіпорынға трансұлттық ақпараттық тур барысында қазақстандық журналистер мен блогерлер де барып қайтты. Сапарды Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Kazakh Tourizm» компаниясы ұйымдастырған болатын. Мақсат – елдеріміздің бай мұраларын туристерге ұсыну. Енді Қазақстанға келген саяхатшылар да кілем жасау өнерін тамашалай алады. Қазақтың кілем тоқу өнерін жандандыру мақсатында келер жылы Алматы және Түркістан облыстарында осы кәсіпорынның филиалын ашу көзделген.