Қазақстан-Өзбекстан: Жібек жолы визасы

Бір саяхат – бірнеше ел. Қазіргі уақытта трансұлттық турлар әлем бойынша трендке айналып үлгерді. Туристер бір сапар барысында мейлінше көп жерді көруге құмар. Орталық Азия елдері де шетелдіктер үшін дәл осындай мүмкіндік ұсынуда. Қазақстан мен Өзбекстан жақын арада «Жібек жолы» визасын қолданысқа енгізуі мүмкін. Ортақ құжат саяхатшыларға қос мемлекеттегі көне сауда жолының бойында орналасқан шаһарларды кедергісіз аралауға мүмкіндік береді.

АЗИЗ АБДУХАКИМОВ, ӨЗБЕКСТАН ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Қазір қос тарап осы мәселе бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Сонымен бірге бұл жобаға Жібек жолы бойында орналасқан өзге де мемлекеттер қызығушылық танытып отыр. Болашақта олар да осы виза жүйесіне қосылатынына сенімдіміз. Бұл әрине өз кезегінде біздің шекарашыларымыз бен қауіпсіздік қызметтерінің тығыз байланыста жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Бұл бір жағынан туристерге жағдай жасаумен қатар, олардың қауіпсіздігіне кепіл болады.

ГАУХАР ЖЕҢІСБЕК, «KAZAKH TOURISM» ҰК» АҚ ДЕПАРТАМЕНТ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Бірлескен турлар барысында туристер 8-12 күн аралығында Қазақстан мен Өзбекстанның қалаларын аралайды. Бұл қазіргі таңда аса сұранысқа ие турлардың бірі. Әуе  билеттерінің құнын қоспағанда тур құны шамамен 500-ден 1000 долларға дейін шығады. Бұл аса қымбат емес баға деп есептелінеді.

Әлем бойынша танымал саяхат жайлы сайтқа кірушілердің 30 пайызы «Жібек жолы» бағытына қызығушылық танытатын көрінеді. Ал «Ортаазиялық шенген» Ұлы Жібек жолы бойындағы мемлекеттердің туристік тартымдылығын одан әрі арттыратын болады.

САУАЛНАМА:

 - Орталық Азия елдерінде бірыңғай виза қолданылса, әрине, керемет болар еді. Өйткені бұл біздің құжаттарды рәсімдеуге жұмсалатын уақытты азайтады. Және бірден бірнеше елді аралауға жол ашады.

-  Өзім – Ирландияданмын. Ташкент қаласына келгеніме 4-5 күндей болды. Жас кезімнен Жібек жолы елдерін кезіп өтуді армандайтынмын. Саяхатым Астанадан басталды. Кейін поездбен Алматыға жеттім. Онда 4-5 күн болып, Бішкек қаласына аттандым. Бұл сапарымнан алған әсерім керемет. Адамдар жылы шырайлы. Ғимараттардың сәулеті де мүлдем өзгеше, мені қатты таңғалдырды.

Мұндай сапардың тиімділігіне трансұлттық ақпараттық турға қатысқан қазақстандық журналистер мен блогерлер де көз жеткізді. Жобаны Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Kazakh Tourizm» компаниясы ұйымдастырған болатын. Өзбекстан тарихи нысандарымен еліктірсе, Қазақстан заманауилығы, көрікті табиғатымен баурайды, - дейді олар. Сондай-ақ елімізде экологиялық, этно және агротуризмді дамытуға ден қойылып отыр. Жақын арада агротуризмді дамыту қауымдастығы да құрылмақ.