Өзбекстанның туристік жерлері

Бұл Әмудария мен Сырдария өзендерінің арасын жалғап жатқан Өзбекстан елі. Жаугершілік заманда талай қираған шаһарлардың даму кезеңдерінде жаһандық өркениет үрдістерін қабылдай отырып, өзінің ежелгі архитектуралық сән-салтанатын сақтап қалуы таңғаларлық. Өзбекстанда сауда-саттықтың ерте заманнан ата кәсібі ретінде дамығаны белгілі. Мұнда базарларда азық-түлік, тұрмыстық бұйымдармен қатар сан түрлі өнер туындылары да саудаға шығарылып, Ұлы Жібек жолы арқылы Азия мен Еуропаның түкпір-түкпіріне жеткізілді. Өзбекстан ерекше өрнегі бар тігін, тоқыма және ұлттық нақыштағы қайталанбас қолөнер бұйымдарымен мәшһүр ел.

MUBASHIRA BAKHSHILAEVA, ТУРИСТІК КОМПАНИЯ ӨКІЛІ:

-  Мәселен, Бұхара қаласы екіге бөлінеді. Ескі қала мен жаңа қала бар. Ескі тарапта серуендеген кезде туристер өздерін көне шаһарда жүргендей сезінетінін айтады. Оларға Бұхара әлі де Ұлы Жібек жолының орталығы болып тұрғандай көрінеді. Осындай турлардың арқасында Өзбекстанға келушілердің саны жыл сайын артуда.

Ұлы Жібек жолындағы керуендер соқпағы қалған, мыңжылдық тарихы бар қалалардағы ежелден сақталған ғимараттардың әрқайсысы құпияға толы, аңызға бай. Елге саяхатшыларды көптеп тартатын ерекшеліктердің бірі де осы болса керек. Самарқанд, Бұхара, Хиуа, Шахрисабз қалаларындағы Шахи-Зинда, Эль-Регистан, Бибі-ханым мешіті, Әмір Темір кесенесі шетелдіктерді тәнті етіп үлгерді. Бұл қалалар қазіргі таңда ЮНЕСКО-ның әлемдік мұралар тізіміне енген.

САУАЛНАМА:

 - Өзбекстанның тарихи ғимараттары, әрине, таңғалдырмай қоймайды. Өте керемет әсерде қалдық. Орталық Азия елдерінің мәдениеті біз үшін қызық екені сөзсіз. Алдағы уақытта Қазақстанға бару ойымызда бар.

 - Біз достарымызбен бірнеше күнге турмен Өзбекстанға келдік. Әлі барлық қалаларды көріп үлгермесек те, көңілімізден шықты деп айта аламын. Өзбекстан, Қазақстан сынды елдер қазіргі кезде шетелдіктер арасында енді танымал бола бастады.    

Италиялық туристер алдағы уақытта Қазақстанға сапар шегуді де жоспарлап отырған көрінеді. Орталық Азия елдерінің ерекше мәдениеті қызықтырады дейді олар. Биыл Қазақстанда Өзбекстан жылы аяқталады. Оның аясында екі ел арасында бірқатар бірлескен келісімге қол қойылды. «Kazakh Tourizm» компаниясының ұйымдастыруымен БАҚ өкілдері де Өзбекстанға сапар шекті. Мұндай бастамаға Мәдениет және спорт министрлігі қолдау көрсеткен.