Орталық Азия: Шекараларда өткізу пункттерін жаңарту

Орталық Азия мемлекеттері шекаралардағы өткізу бекеттерін жаңарту жұмыстарын қолға алды. Мәселен, Өзбекстан Қазақстанмен шекарадағы барыс-келіс арналарын жаңғыртуды бастаған. Мұндай шара туристер санының артып, тауар айналымының ұлғаюына байланысты жүзеге асырылуда. Айта кетейік, қазіргі кезде қос ел арасында 6 бірдей шекаралық өткізу бекеті тәулік бойы жұмыс істейді. Оның төртеуі ауыр жүк көліктеріне арналған. Үкіметаралық келісім негізінде «Жол картасы» жасалып, қазір сол 4 бірдей өткізу пункті қайта құрылымдаудан өтіп жатыр. Сонымен бірге «Гишт-Куприк» яғни «Жібек Жолы» өткізу пункті де кеңейтілуде. Шекарадағы құрылымдау жұмыстарынан соң, бұл бекет тәулігіне 40 мыңға дейін жолаушы қабылдайтын болады.

РУСТАМ КАБУЛОВ, КЕДЕНДІК БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСТЫҒЫ:

-  Елдер арасындағы қатынастар жаңа деңгейге жетті. Соның негізінде екі ел басшылары тауар айналымын жақсарту бойынша алдымызға нақты міндет қойды. Талдау көрсеткендей, өткен жылмен салыстырғанда, Қазақстан мен Өзбекстан арасында орналасқан бақылау бекеті арқылы  жүк тасымалы 61% артқан.

Қазақстан мен Қырғызстан шекарасындағы өткізу бекеттерінде де жаңарту жұмыстары қолға алынбақшы. Айта кетейік, қос ел арасындағы шекарадан күніне 20 мың адам мен 900-дей көлік өтеді. Қырғызстан Еуразиялық экономикалық одақ құрамына өткеннен кейін бекеттердегі жұмысты жаңа талапқа сәйкестендіру, олардың жұмысын қайта құрылымдау қажеттілігі туған.  Бүгінде ол мәселе де шешілді, бекеттер қазір одақ ережелері бойынша жұмыс істеп тұр. Ендігі кезекте ірі бекеттер талапқа сай жабдықталмақ. Тізімде Жамбыл облысы Қордай ауылындағы Ақ-жол бекеті де бар.

НҰРЛАНБЕК ЖАЛБИЕВ, ҚЫРҒЫЗСТАН ШЕКАРАЛЫҚ БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Мемлекеттік шекарадан өтетін адамдарға қолайлы жағдай жасау мақсатымен тараптар бекеттерді жаңғырту және қайта құрылымдау жұмыстарын жүргізбекші. Тиісінше осы бекеттердің өткізу мүмкіндігі артады.

Ақ-Жол бекетіндегі ұзын-сонар кезекті жойып, жұмысты оңтайландыру үшін жүк көліктері өзге екі бекет-Ақ-Тілек пен Токмакқа жіберілетін болды. Осылайша мемлекеттер шекара аралық қарым-қатынасты қалыпты дамыту үшін қолайлы жағдай туғызбақшы.