Қазақстан-Қырғызстан шекарасы халықаралық құқық нормаларына сай бекітіледі

Қазақстан-Қырғызстан шекарасы халықаралық құқық нормаларына сай бекітіледі. Мәжіліс қос елдің мемлекеттік шекарасын демаркациялау туралы келісімді мақұлдады. Ол 1200 шақырымға созылып жатыр. Бұған дейін аталған құжатқа мемлекет басшылары қол қойған еді. Қос ел арасындағы келісімнің шекті мерзімі жоқ әрі ол денонсацияға жатпайды. Құжатқа сәйкес, шекара сызығының белгіленуі әр 10 жыл сайын тексеріліп отырады.

МҰХТАР ТІЛЕУБЕРДІ, ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

– Шекара бас-аяғы 1055 арнайы бағанамен шегенделді. Олардың арасында негізгі және аралық бағаналар бар. Енді біздің шекарамыз толықтай және нақты белгіленіп отыр. Келісім бекітілген соң, шекаралық қызмет ресми түрде шекараны өз жауапкершілігіне алады.    

Сонымен қатар Қазақстан, Түрікменстан және Өзбекстан арасындағы мемлекеттік шекаралардың түйісу нүктесінің ауданы туралы шарт жобасы қолдау тапты. Ол аймақ Үстірт шоқысында орналасқан. Бұл құжат елдің оңтүстік бағыттағы шекарасын белгілеу туралы мәселеге нүкте қойды. 

ДАРХАН ДІЛМАНОВ, ҚР ҰҚК ШЕКАРА ҚЫЗМЕТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Әр апта сайын мемлекеттік шекара сызығы бойынша 3 шекараның  түйісу нүктелеріне дейін әуеден бақылау жүргізіледі. Егер қандай да бір мәселе туындап, шекара бағаналарына қатысты жағдайлар орнап жатса, оларды шешу үшін міндетті түрде көрші әріптестерімізбен бірлесе қоян-қолтық жұмыс істейміз. Кез келген мәселе заң талаптарына сай реттеліп, құқықбұзушылықтардың жолы кесіледі.

Айта кетейік, мемлекеттің аумақтық тұтастығы мен шекарасының беріктігін қамтамасыз етіп, ел егемендігін сақтап қалу үшін шекараны шегендеудің маңызы зор.