Тәжікстанда көне қала табылды

Тәжікстанда жергілікті археологтар көне қаланың орнын тапты. Душанбенің оң жақ етегінен 85 шақырым жерде анықталған ескі қамалды ғалымдар Құшан патшалығына жатқызып отыр. Қазба жұмыс барысында тақ залы табылған. Экспедиция мүшесі Давладходжа Довудид залдың құрылысы ерекше болғанын айтады.  Сыртқы қабырғалардың қалыңдығы – 3 метр.  Сондай-ақ қазба орнынан ежелгі тиындар шыққан. 

ДАВЛАТХОЖА ДОВУДИ, ТӘЖІКСТАН ҰЛТТЫҚ МҰРАЖАЙЫНЫҢ АРХЕОЛОГИЯ ЖӘНЕ НУМИЗМАТИКА БӨЛІМІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ, ТАРИХ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ:

 - Біз көптеген құшан тиындарын таптық. Сондай-ақ екі патшаның қазынасы табылды. Олар біздің заманымызға дейінгі I-II ғасырларда билік құрған. Сондықтан бұл жәдігерлерге қарап, қамалдың қай кезеңге жататынын нақты айтуға болады. Бұл біздің заманымызға дейінгі I-II ғасырлардағы көне қала деп топшылаймыз.

Археологтар құнды қос қазынаны арнайы қоймаға лайықталған жерден тапқан. Бағалы металдан құйылған шақалар астыққа арналған ыдыстарда сақталған.

АЛИШЕР КАЮМЗОДА, ТӘЖІКСТАНН ҰЛТТЫҚ МҰРАЖАЙЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

 - Біз бұл жерде биіктігі 1,5 метрлік 6 ыдыс таптық. Олардың барлығы жақсы сақталған. Тіпті ежелгі шеберлер салған ою-өрнектері анық көрінеді. Бұл аса құнды жәдігерлер.

Ғалымдардың айтуынша 2 мың жыл бұрын осы жермен Ұлы Жібек жолының бағыты өткен. Сондықтан сауда керуенінің бойындағы қаланың тұрғындары ауқатты болған. Мәселен, мына бір ғана тұрғын-үй кешені 6 бөлмеден тұрады. Олардың бірінде ғибадатхана, енді бірінде асхана жайғасқан. Оған мына ыдыс-аяқтар дәлел. Жәдігерлердің көп бөлігі жергілікті тұрғындардың көмегімен анықталған.  

ХИСРАВ МАНОНОВ, ЖЕРГІЛІКТІ ТҰРҒЫН:

 - Мен табылған Қамал маңындағы елді-мекенде тұрамын. Археологтар қазба жұмыстарын бастағанын естіп бірден өз көмегімді ұсындым. Өйткені бұл – біздің тарихымыз. Өткеннен көбірек мағлұмат алғым келеді.  

Археологтар бұл мекеннің ашылмаған сыры әлі көп дейді. Сондықтан қазба жұмыстары келесі жылы да кешенді түрде жүргізілетін болады.