Қырғызстанда жайлау туризмі қарқынды дамып келеді

Қырғызстан этнотуризм саласын дамытуға басымдық беріп келеді.  Бұл елдің әсем табиғаты, өзіндік мәдениеті мен тұрмыстық-салт дәстүрі саяхатшылардың қызығушылығын тудыруда. Бұған Ыстыққөл жағалауында өткен ІІІ Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының да қосқан үлесі аз емес. Қырғызстанның мәдениет, ақпарат және туризм министрлігінің мәліметіне сай, кезекті дала ойындарының тартыстарын тамашалауға 70 мың шетел азаматы  келіпті.

АЙНҰР ТЕМІРБЕКОВА, ҚЫРҒЫЗСТАННЫҢ МӘДЕНИЕТ, АҚПАРАТ ЖӘНЕ ТУРИЗМ МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- 2016 жылы өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарынан кейін бізге келетін туристердің ағыны еселене түсті. Осы жылы да біз кезекті дала мәдениеті мен этноспорт түрлері жаңғыртылған ойындар арқылы Қырғызстанды жер-жаһанға насихаттап, елге шетелдік туристерді шақыру мақсатында қыруар жұмыс атқардық. Кешенді ақпараттық шаралардың арқасында Ыстықкөл мен жайлауларымыз, тау шатқалдары мен шипажайларымыз туристердің демалыс орындарына айналды.

Бүгінгі таңда Қырғыз жерінде саяхаттың жаңа бағыты  - жайлау туризмі қарқынды дамып келеді. Шетелдік меймандар өркениеттен алшақтап, тау бөктеріндегі киіз үйлерге жайғастырылады. Көшпенділер ойындарының аясында Қыршын тау шатқалы өткеннен сыр шертер дала өркениетінің үлкен ауылына айналды. Туристер көшпенділер мәдениетімен танысып, этноспорт түрлерінен бақтарын сынап көрді. Мәселен, ұлттық салбурын саятшылық өнері мен садақ тарту ойындарына қатысты.

АРИЭЛЬ СОФИЯ БАРДИ, САЯХАТШЫ, ЖУРНАЛИСТ /АҚШ/:

- Бұл елдің туристік әлеуеті зор. Қырғыз жерінің 93% таулы аймақтар алып жатыр. Мұнда туристер үшін жаңа бағыттар ашылуда. Біз мүлдем бейтаныс мәдениетпен танысып, тұмса табиғат аясында демалудың тамаша мүмкіндігіне ие болдық. Қырғыз елі қоршаған ортаның тылсым сыры мен құпиясына бөленуге ниетті адамдар үшін киелі мекендердің бірі екеніне көзім жетті.  

Британдық жаяу туризм қоғамының рейтингіне сәйкес Қырғызстан 2018 жылдың үздік саяхат мекендерінің бестігіне енген.