Қырғызстанда «Көшпенділер әлемі» халықаралық этномәдени фестивалі өтті

Қырғызстанда «Көшпенділер әлемі» халықаралық этномәдени фестивалі өтті

Қырғызстанның Ыстықкөл жағалауында «Көшпенділер әлемі» халықаралық этномәдени фестивалі өтті. Шара Қазақстан, Германия, Корея, Жапония, Ұлыбритания сынды 30-дан астам елден келген 350 өнерпаздың басын қосты. Бағдарламада дала өркениетінің тұрмыстық салты, киім үлгілері, фольклоры, ұлттық аспаптары, ән-жыры мен би өнері ұсынылды. Фестиваль үшінші дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында ұйымдастырылған айшықты шаралардің біріне айналды.

ТАЛГАТ КОБЖАНОВ, ФЕСТИВАЛЬ ҚАТЫСУШЫСЫ /ҚАЗАҚСТАН/:

- Өзіміздің қазақ елінің өнерін паш етуге қырғыз мемлекетіне арнайы келіп отырмыз. Біздерді осы жерге қырғыз халқы әр мемлекеттердің өнерпаздарымен бірлесіп өз өнерімізді көрсетуге шақырып отыр. 

РАДЖАШЕКАР БИМАЧАР, ФЕСТИВАЛЬ ҚАТЫСУШЫСЫ /ҮНДІСТАН/:

- Мен мұнда еврейлердің арфа аспабын ұсындым. Бұл «морсингте» 14 жасымнан ойнап жүрмін. Осы аспаппен әуендер орындап жүргеніме 50 жыл болды.

Әуенді де әуезді шара аясында көшпенді халықтардың киім үлгілерінің сән көрсетілімі ұйымдастырылды. Көпшіліктің талғамына сай әзірленген заманауи этнодизайнерлік шешімдердің пішімі мен тігісі әрқилы болғанымен, әрбірі дала мәдениетінің нақышына келістіріліп безендірілген.

«Көшпенділер әлемі» халықаралық этно фестивалі дала өркеніиетінің шежірелі тарихи мен бай мәдени мұрасын қайта жаңғыртып, жер-жаһанға насихаттаудың жарқын үлгісіне айналды, дейді игі шара қонақтары мен ұйымдастырушылары.