Орталық Азия: БАҚ шолуы

Өзбекстан тасымалдау көлемін арттыруда. Жүктер ағынының ұлғаюын «Баку-Тблиси-Карс» темір жол дәлізі есебінен жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұл туралы Әзербайжандағы Өзбекстан елшісі Шерзод Файзиев «Тренд» ақпараттық агенттігіне мәлімдеді. Оның айтуынша, темір жол Орталық Азия елдерінің назарында болып, аймақтың транзиттік және көлік-коммуникациялық әлеуетін жүзеге асыруға үлкен мүмкіндіктер ашады.

***

Тәжікстан Өзбекстанға жіберілетін электр энергиясы көлемін арттырды. Екінші жартыжылдықтың басынан экспорт төрт есеге дейін артқан,деп хабарлайды «ASIA-Plus» ақпараттық агенттігі. Мәселен, үстіміздегі жылдың шілдесінде республикаға 417 миллион киловатт-сағат электр энергиясы жеткізілген. Ал бұрын ай сайын тек 110-120 млн экспортталатын. Сондай-ақ жылдың соңына дейін Тәжікстан Өзбекстан республикасын бір жарым миллиард киловатт-сағаттан кем емес электр энергиясымен қамтамасыз етпек.

***

Өзбекстанда салынып жатқан металлургиялық зауыт жылына 500 мың тонна өнім шығарады деп хабарлайды «Uzbekistan Today» ақпараттық порталы. Кәсіпорын автомобиль шанақтары мен тұрмыстық техникаға арналған металл жабындылар, металл шатыр мен қоршаулар шығаруды жоспарлап отыр. Құрал-жабдықтар Италия, Германия, Австрия, Ресей және басқа да елдерден жеткізілген. Жаңа зауыттың жобалық құны 286 миллион 700 мың еуроны құрайды.

***

Түркіменстанда мақта жинау жұмысы басталды деп хабарлады «turkmenportal» ақпараттық агенттігі. Биылғы жылы 1 миллион 50 мың тонна мақта дайындау жоспарлануда. Айта кетейік, шаруалар жұмысы толық механикаландырылған, егін жинау жаңа модификацияланған жоғары өнімді машиналардың көмегімен жүзеге асырылады. Егін науқанына 1 мың 76 мақта жинайтын комбайн іске қосылады. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда 2,5 есеге артық.