Дүниежүлік көшпенділер ойындарының аясында қазақ күресінен жарыс өтті

Дүниежүлік көшпенділер ойындарының аясында қазақ күресінен жарыс өтті. Боз кілемге төл спортымыздан күштерін сынауға 70 елдің өкілі шықты. Үш салмақ дәрежесінде сарапқа салынған сында отандық палуандардың мысы басып, ебі мен бабы асты. Екі алтын және бір қола алқа қазақ саңлақтарының қанжығасына байланды. Жалпы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында әлемнің жер иіскемеген палуандары күрестің 12 түрінен иық тіресті. Қазақстан бұл тартыстардың барлығына  қатысып ұлттық қоржынға өз салымдарын қосуда. Құрама сапында күрес түрлерінен 50-ге тарта палуан ел намысын абройлы қорғап жүр. 

ӘБІЛХАЙЫР МӘУЛЕН, ЖАРЫС ЖЕҢІМПАЗЫ /ҚАЗАҚСТАН/:

- Финалда қырғызбен күрестім. Қырғыздар қазақ күресінен күресіп жүрген мемлекет. Қазақ күресінен әлемде чемпион болған баланы финалда таза жеңіспен ұттым. Оның алдында күрескен монғолды ұттым, тәжікті ұттым, орысты ұттым. Алға қойған мақсатқа жеттім. Алтын керек болды. Әнұранды ойнаттық.

ҚАРЛЫҒАШ РАМАЗАНОВА, ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТІРЛІГІ  КОМИТЕТІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:

- Басқа да спорт түрлерінен нәтижеміз жаман емес. Спортшыларымыз бабында деуге болады. Өйткені үлкен дүниежүзілік іс-шара болғандықтан жақсы дайындықпен келдік. Балалар оқу-жаттығу жиынынан өтті. Алдағы мақсат - алтын, күміс, қола жүлделерді көп алу.