Қырғызстанда халықаралық ақындар айтысы өтті

Қырғыз Алатауының бөктеріндегі Қыршын шатқалында төгілген қанатты сөзден өнегелі өріс өрілді. ІІІ Дүниежүзілік көшпенділер ойыны аясында ел аралық ақындар айтысы өтті. Қазақстан және Қырғызстаннан келген қара қылды қақ жарған 16 ақын жыр бәйгесіне түсті. 1-ші айналымда 8 жұп сөз таластырып, нәтижесінде 8 ақын, әр елден 4 өкіл, ақтық сынға жолдама алды.

НҰРЛАН ЕСЕНҚҰЛОВ, АҚЫН /ҚАЗАҚСТАН/:

- Адамның екі қолындай, құстың екі қанатындай деп аталар жырлағандай шынында да қазақпен қырғыздың достығы ілгеріден жалғасып келе жатыр. Біз де осындай достықтың жырын жырлаймыз деп арнайы ту көтеріп келіп отырмыз. Сондықтан алла аузымызға жақсы сөз салсын, екі елдің татулығы мәңгі жасай берсін. 

ИДРИС АЙТБАЕВ, АҚЫН /ҚЫРҒЫЗСТАН/:

- Ертеде Тоқтағұл, Жамбыл аталар шындықты айтып кеткен. Абылайхан, падишахтар Бұхар жырау ақынның сөзін ұққан. Сондықтан қырғыз-қазақ арасындағы достық ешқашан екіге бөлінбесін. Лайым, қазақ пен қырғыз достығының бекуіне біз аз да болса үлесімізді қоса алсақ, демек бұл біздің игі мақсатымызға жеткеніміз болады.  

Қыршын жайлауындағы халықты жырмен сусындатқан суырып-салма дода екі күнге жалғасты. Бас жүлдені жерлесіміз Мақсат Ақанов пен қырғызстандық Асылбек Маратов жеңіп алды. Екі ақынға да ақшалай сыйақы табысталды. Жалпы еларалық ақындар айтысының жүлде қоры 26 мың АҚШ долларын құрады. Үздік үштікпен қатар түрлі аталымдар бойынша арнайы сыйлықтар үлестірілді.