Көкпар Көшпенділер ойындарында көздің жауын алатын спорт түрі болмақ

Ыстықкөл жағалауында бұл күндері ине шаншар жер жоқ. Үшінші дүниежүзілік көшпенділер ойындары ұлттық спорт түрлерімен танысу ғана емес, көшпенді халықтардың мәдени мұрасын паш ету мүмкіндігі. Көшпенділердің мұрасын қайта жаңғыртуға арналған шараға жиналғандар Қыршындағы этноқалашықта номадтардың салт-дәстүрімен таныса алады. Спорт мерекесінің биылғы ауқымы таң қалдырмай қоймайды. Қатысушылар 37 спорт түрі бойынша медаль сарапқа салмақ. Қырғыздың 16 ұлттық спорт түрі мен көшпенді халықтардың дәстүрлі жарыстары өтетін болады. Жиылған қауым ат жарысы, садақпен ату, саятшылық, шығыстың үстел ойындары мен күрестің 13 түрін тамашалайтын болады. Бір сөзбен нағыз «этноолимпиада». Көздің жауын алар спорт түрі, әрине, Көкпар болмақ.

УЛАН НАСАКЕЕВ, КӨКПАРДАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ САНАТТАҒЫ СПОРТ ШЕБЕРІ:

- Бұл ойындарға біз тынымсыз дайындалдық. Басты қарсыласымыз, әрине, қазақстандық команда. Біз турнирдің көшбасшысы саналамыз. Алайда өзге қатысушылардың деңгейі де осал емес. Мәселен, өткен ойындарда АҚШ пен Қытай құрамалары шебер ойын көрсетті. Биыл да жоғары деңгейде өнер көрсетеді деп болжап отырмыз. Көкпар ойыны ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұраларының тізіміне енгендігін естіп жатырмыз. Бұл, әрине, қуантарлық жайт. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ойынымызды әлем танитын болады.

ХАО ЧЖАНЬ, ҚЫТАЙ ДЕЛЕГАЦИЯСЫ ХАТШЫЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

- Үздік спортшыларды іріктеп алдық. Олар садақ ату, салт атты ойындар мен күрестің 13 түрі бойынша бақ сынайды.

Биыл дода 80 елдің 3 мыңға жуық спортшысының басын қосты. Өткен күндер қорытындысында Қазақстан үшінші дүниежүзілік көшпенділер ойынында медаль саны бойынша көш бастап тұр. Біздің спортшылар 19 медальді қанжығаларына байлады. Оның жетеуі алтын. Екінші орын – Қырғызстанда. Үздік үштікті Түркіменстан тұйықтайды. Дода қыркүйектің 8-не дейін жалғасатын болады.