Көшпенділер ойыны: тазы, бүркіт, садақ ату туралы не білеміз?

Дала өркениетін жаңғыртқан ІІІ Дүниежүзілік көшпенділер ойыны қыза түсті. Бұл - қырғыздың Қыршын шатқалы. Аталы сөзге тоқталған бауырлас халықтардың қайырымды ұрпағы тау бөктерінде мыңға тарта киіз үй құрып, ұлан-асыр тойда бас қосты. Әр жерден дала нышаны қыран салғандардың қиқуы құлаққа шалынады. Мұнда құсбегілер үкілеп әкелген бүркіттерін қолға шақырып, шырғаға салып жатыр.

БАЗАРБЕК КҮНТУҒАНҰЛЫ, ҚҰСБЕГІЛІКТЕН АҒА ЖАТТЫҚТЫРУШЫ /ҚАЗАҚСТАН/:

- Құстарымызды дайындап, Қырғыз мемлекетінде жоғарғы деңгейде өнер көрсетеміз деген үмітпен келдік. 2016 жылы ІІ Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстан құрамасы үшінші орын алып, биіктен көрінген болатын. Биыл да, алла жазса, бірінші орын аламыз деген үмітпен келдік. Оны уақыт көрсете жатады.

САЛАУАТ АЙБЕКҰЛЫ, ҚҰСБЕГІ, /ҚЫРҒЫЗСТАН/:

- Бүркіт салып жүргеніме 6 жыл болды. Былтыр ІІ Дүниежүзілік ойынын осы бүркітпенен ұтқам. Бүркітімнің аты - Шағылған. Енді биыл да Көшпенділер ойынына қатысамын деп дайындалып жатырмыз.

Көшпенділер өмірінде жеті қазынаның бірі иттің маңызы айрықша болды. Сондықтан өткенді дәріптейтін дала ойындарын ит төресі саналатын қазақтың таза қанды құмай тазыларынсыз елестету мүмкін емес шығар.

БЛИЦ:

1. Сыртаным екі жаста. Жүгірістен Павлодар облысының 2 дүркін чемпионы болды. Қазақстан чемпионатында осы тазы бірінші келген.

2. Сыртан да жақсы жүгіреді, Тұйғын да жақсы жүгіреді. Тағы Хан, Алар деген төрт тазыны Қазақстаннан алып келдік. Бұл бір жас төрт ай. Алла қаласа, ұтамыз деген ойымыз бар.

Ұлы далада саятшылық құрып құралайды көзге атқан, байтақ жерге тиген жауды мүлт жібермеген көшпенділердің сұрмергендігіне тарих куә. Бұны жебеге толы қорамса асынып, нысананы көздеген садақшылар сыны тағы бір дәлелдей түсті.

НА ШУНЖИРГАЛА, САЙЫСКЕР /ҚХР/:

- Мен Монғолияда туып өстім. Сондықтан дала өмірі маған жақсы таныс. Бабаларымның садақ ату өнерін меңгеріп жүргеніме 10 жылдай болды. Қырғыз жерінің табиғаты мен салт-санасы туған өлкемен қауышқандай әсерге бөледі.

ЦАГАН КОКШОВА, САЙЫСКЕР /РФ ҚҰРАМЫНДАҒЫ ҚАЛМАҚ РЕСПУБЛИКАСЫ/:

- Дала халқы көнеден бері садақ атудың шебері болды. Қазіргі таңда қалмақ елінде де бұл жауынгерлік өнерге үлкен мән беріліп, қайта жаңғыртылуда. Бүгінде бұрынғыдай нәзік жандылар да ер қатарлы садақ атуды меңгеріп жатыр.

Қырғызстанның Қыршын шатқалындағы көшпенділердің дәстүрлі ойындары сегізінші қыркүйек күініне дейін жалғасады.