Қырғызстанда ІІІ Дүниежүзілік көшпенділер ойындары басталды

Қыршын шатқалында мың киіз үй тігіліп, бүтіндей бір этноқалашық пайда болды. Орталық Азиядағы ең ерекше оқиғалардың бірі – Қырғызстандағы үшінші дүниежүзілік көшпенділер ойындары ашылды. Дәл осы жерде бірнеше күн бойы көшпенді халықтардың киім үлгілерінің фестивалі, фольклорлық топтардың концерттері және ат спорты бойынша ерекше көрсетілімдер қойылады. Көне ойындардың бірі Көкпар, саятшылық пен ұлттық аң аулау кәсібі Салбурын да солардың қатарында. Бүгін мұнда садақпен ату спортшыларына арналған дайындық өтті. Көшпенділер ойындарында садақ атудың қырғыз, мажар, корей, түрік тәсілдері бар. Садақшылар салт атпен де ату шеберліктерін сынамақ. Көшпенділер ойындарының бағдарламасына енген спорттық жарыстардың саны айтарлықтай артып отыр.

ҚАНАТ ИМАНҚҰЛОВ, ҚЫРҒЫЗСТАН ҮКІМЕТІ ЖАНЫНДАҒЫ ЖАСТАР ІСІ МЕН СПОРТ МЕМЛЕКЕТТІК АГЕНТТІГІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

- Спорт түрлерінің саны артып келеді. Екінші дүниежүзілік көшпенділер ойындарында 24 спорт түрі болса, бұл жолғы бағдарламада 37 спорт түрі бар. 82 елден 2,5 мыңнан астам спортшы тіркелген. Ең ауқымды делегациялардың бірі, әрине, қазақстандықтар. Олар жекпе-жек, ат спорты сынды барлық жарыстарға қатысады. Ресей мен Өзбекстаннан келушілер де аз емес.

Бүгінде Көшпенділер ойындарынан әлемдік бұқаралық ақпарат құралдары жарыса хабар таратуда. Барлығы 500-ден астам шетелдік және 700-ге жуық жергілікті журналистер қатысады.  

АРИЭЛЬ СОФИЯ БАРДИ, ЖУРНАЛИСТ /АҚШ/:

- Маған дәстүрлі киімдер ұнады. Мұнда түрлі елдер бар. Бұл, әрине, өте қызықты, ерекше көрінеді. Мен үшін этноспорт мүлдем ерекше, жаңа. Өзімді қандай да бір нақты спорт түрінің жанкүйері деп айта алмас едім. Алайда бұл жерде өте қызықты. Дәстүрлер тоғысып жатыр. Бай тарихы бар ежелгі спорт түрлерін тамашалауға болады. Әсіресе көкпар көздің жауын алады.

ПАВЕЛ СУХОРУКОВ, БАСПА ҮЙІНІҢ ДИРЕКТОРЫ / БЕЛАРУСЬ/:

- Биыл Беларусь елі Көшпенділер ойындарына алғаш рет қатысуда. Көшпенділер мәдениеті біз үшін таңсық. Сол үшін мұндай ойындар өте қызықты.  Мұндағы мәдениет мүлдем өзгеше, бәрі ұнайды. Тілші ретінде бұл шараға ерекше қызығушылық танытып отырмыз.

КАРИМБЕРДИ ТУРАМУРОД, ЖУРНАЛИСТ /ӨЗБЕКСТАН/:

- Қырғыздар мен қазақтардың спорт түрлері өте ұқсайды. Бұл ойындардың қағидасы «Күшті біріктіру – рухты біріктіру» дегенге саяды. Мұны ойындар дәлелдейді деген сенімдемін.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, Көшпенділер ойындарының басты мақсаты – тек қырғыздардың ғана емес, Еуразияның барша халықтарының бай тарихы мен мәдениетін көрсету. Олардың айтуынша, дода этноспортты халықаралық аренада насихаттауға жол ашады.